Жүзушінің жеке жаттықтырушысы Саттар Бейсембаевқа да Haval M6 автокөлігінің кілті табыс етілді.
XVII Жазғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрдәулет Жұмағалиға пәтер мен көлік берілді.
Жеңімпазды салтанатты түрде марапаттау «Тараз Арена» спорт кешенінде өтті. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Нұрдәулет Жұмағалиды жеңісімен құттықтап, жамбылдықтардың атынан алғысын білдірді.
«Бүкіл әлемге тараған тартысты жекпе-жекте сіз еліміздің даңқын шығарып, қазақстандықтардың сенімін ақтадың. Жамбылдықтарға ерекше құрмет көрсеттің! Сен нағыз батырсың! Бүгін екі дүркін Паралимпиада жүлдегері атанып, үлкен жетістікке жеттің. Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтың жеңісті сериясын жалғастырасын деп сенеміз! 2028 жылғы Паралимпиада ойындарында алтын медаль тағып, еліміздің туы көкте желбіреген Қазақстанның әнұранын шырқауларыңызға тілектеспін!». – деді әкім спортшыға.
Жазғы Паралимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсеткені үшін Нұрдәулет Жұмағали демеушілерден екі бөлмелі пәтер мен Toyota Camry 75 автокөлігінің кілтін алды. Жеке бапкері Саттар Бейсембаевқа да құрмет көрсетіліп, Haval M6 автокөлігінің кілті табыс етілді.
«Менің жеңісіме сіздердің қолдауларыңыз бен жылы сөздеріңіз ықпал етті. Мені қолдаған барша жандарға алғысым шексіз! Алдағы уақытта Қазақстанның туын бұдан да биікке көтеріп, жанкүйерлер сенімін ақтауға бар күшімді саламын», — деп жауап берді Нұрдәулет Жұмағали құттықтауларға.
XVII Жазғы Паралимпиада ойындарында Жамбыл облысының төрт спортшысы ел намысын қорғады. Олардың қатарында Нұрдәулет Жұмағали мен Зүлфия Ғабидуллина (пара-жүзу), Өмірәлі Нышан (пара-таэквондо) және Салтанат Әбілхасымова (пара-атлетика) бар.