Солтүстік Қазақстан облысында ерекше білім беруді қажет ететін 5 мың бала бар
Солтүстік Қазақстан облысында 5 мыңға жуық ерекше білім беруді қажет ететін бала тұрады. Олардың 2 мыңға жуығы инклюзия жүйесі бойынша мектептерде оқиды, оларға қолдау көрсету бөлмелері қарастырылған. Қалған 3 мың бала балабақшадағы мамандандырылған топтарға барады.
Балабақшаның бұл дайындық тобына көру қабілеті бұзылған балалар барады. Логопед Айгүл Нұртаева олардың сөйлеу дағдыларын дамыту үшін арнайы жаттығулар жүргізеді. Мұғалім әр баламен жеке жұмыс жасайды. Маман мектеп жасына дейінгі балаларды оқытудағы бұл тәсіл ерекше қажеттіліктері бар балалардың қоғамға тез бейімделуіне одан әрі ықпал ететініне сенімді.
Айгүл Нұртаева, логопед:
– Біз тыныс алу жаттығулары, сенсорлық-интегративті гимнастика, неврологоритмика сияқты логопедиялық әдістерді қолданамыз. Негізі бізде жұмысқа командалық көзқарас бар. Өйткені мамандардың, ең алдымен осы топтағы мұғалімдердің кешенді көзқарасы арқылы ғана бірінші сыныпқа баратын баланы жан-жақты және үйлесімді дайындауға болады.
Бұл балалар келесі жылы бірінші сыныпқа барады және мектепте оларға арналған қолдау бөлмелері бар. Онда оқушылар өз қажеттіліктеріне қарай көмек алады. Бүгінде облыстағы 27 мектепте мұндай кабинеттер жұмыс істейді. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытатын 5 мыңға жуық педагог арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Елена Балтина, Петропавл қалалық білім бөлімінің әдіскері:
– Басты мәселе – мұғалімдер дайын болуы үшін сапалы кадрлар даярлау. Сондықтан бізде тәжірибелік семинарлар өтеді, онда жетекші жаттықтырушылар тәрбиешілерге, мұғалімдерге және арнайы педагогтарға зағип және көру қабілеті нашар балалармен дұрыс жұмыс істеу жолдарын түсіндіред және үйретеді.
Солтүстік Қазақстан облысында қазір 26 арнаулы білім беру мекемесі бар. Келесі жылы Петропавлда аутизммен ауыратын балаларға арналған жаңа орталық ашу жоспарлануда.