Сенатта мүгедектігі бар балаларды жан-жақты қолдауға бағытталған жаңа заң жобасын әзірлеу мәселесі талқыланды.
Жұмыс тобының бірінші отырысы сенаторлар, сарапшылар және қоғам белсенділерінің қатысуымен өтті. Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің отырысында мүгедектігі бар балаларды қолдау туралы заңнаманы жаңартудың маңыздылығы бұрын талқыланған болатын.
Шара барысында жұмыс тобына қатысушылар бұл құжат мүгедектігі бар балалардың неғұрлым тиімді әлеуметтік және медициналық-педагогикалық қолдауға қолжетімділігін қамтамасыз ететін заңнаманы жетілдіруге бағытталатынын атап өтті.
«Сенаттың бір топ депутаты мүгедектігі бар балаларға жаңа мүмкіндіктер ашатын заң әзірлеуге кірісіп кетті. Бұл әлеуметтік және медициналық-педагогикалық көмекті жетілдіру мәселелерін ғана емес, өмірдің барлық кезеңдерінде олардың қоғамға интеграциялануына жағдай жасауды қамтитын кешенді құжат» -деді Сенатор Амангелді Толамісов.
Айта кету керек, мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік-медициналық-педагогикалық қолдау туралы қолданыстағы заң 2002 жылы қабылданған болатын, содан бері оған 70-тен астам түзетулер енгізілген. Парламентарийлердің пікірінше, құжат бұдан былай заманауи шындыққа және халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Жұмыс тобының отырысына қатысушылар қолданыстағы заңның 18 бабының 16-сы тұжырымдамаларды нақтылауды, ерте анықтау механизмін жетілдіруді және мемлекеттік және жеке ұйымдар арасындағы іс-қимылды үйлестіруді қамтитын түзетулер енгізуді талап ететінін атап өтті.