Астанадағы «Tanym» көпфункционалды кешенінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуге өз үлесін қосып жүрген қамқоршыларға арналған салтанатты іс-шара өтті.
300-ден астам қамқоршыға құрмет грамоталары, алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Кеш мерекелік концертпен қорытындыланды.
Қорғаншыларды құрметтеу рәсімі жыл сайын 29 қазанда өткізіледі. Іс-шараны Астана қаласының Бала құқықтарын қорғау басқармасы ұйымдастырады. Ведомствоның негізгі міндеттеріне балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қорғаншылық және қамқоршылық мәселелері бойынша жұмысты ұйымдастыру, жетім балаларды отбасыларға орналастыру, сондай-ақ олардың тұрғын үй және мүліктік құқықтарын қорғау кіреді.
«Бұл – дәстүрлі іс-шарамыз. Бүгінде Астанада 800-ден астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Елордада 600-ден астам қорғаншы бар. Қорғаншылық мәселелеріне қатысты сұрақтары бар азаматтар үшін психологтар мен заңгерлердің, сондай-ақ тұрғын үй мәселелері жөніндегі мамандардың тегін консультацияларын ұйымдастырдық. Біздің мақсатымыз біреу – әр баланың өз отбасы болуы тиіс!» – деді Астана қаласының Бала құқықтарын қорғау басқармасы Қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің бас маманы Қарлығаш Асқарова.
Қорғаншы әже Гүлнара Исаева да өз тарихымен бөлісті. Сегіз жыл бұрын ата-анасы қайтыс болғаннан кейін ол немересін тәрбиесіне алған.
«Қазір немерем 16 жаста, колледжге оқуға түсті. Болашақта аспаз-кондитер болуды армандайды. Қорғаншылыққа алу – ізгі іс. Адамды тәрбиелеп, өмірде өз жолын табуына көмектеспегенде не істейміз? Менің жалғыз немерем бар, ал мұнда төрт жетім баланы тәрбиелеп отырған адамдар да бар», – деді ол.