Now Reading
Мүгедектердің мұңын түсінбеу – мінбердегілерге мін
Inva.kz информационный портал социальных новостей Казахстана. Инва кз > Новости > Мүгедектердің мұңын түсінбеу – мінбердегілерге мін

Мүгедектердің мұңын түсінбеу – мінбердегілерге мін

Мүгедектігі бар баланы бағып отырған ата-аналар мынадай қателік жасайды

Елімізде соңғы 3 жылда балалар арасындағы мүгедектік 11 пайызға өсіп отыр.

Inbusiness.kz сайтының тілшісі осы орайда бала кезінен сал ауруымен ауыратын қызылордалық белсенді Зәуре Өксімбаеваны әңгімеге тартып, мүгедектердің мұң-мұқтажын тыңдаған еді.

 

«Екі дипломын бола тұра жұмыс таба алмай жүрмін»

 

– Бала кезден I топ мүгедегімін. Сол кішкентайымнан сал ауруымен ауыратындықтан, маған мүгедектердің кедергіге толы өмірі өте таныс. Қайда барсақ та, қиындыққа тап боламыз. Көп мекемеде пандустар тек сыртында ғана орналасқан, ішіне кірсең, тек сау адамдарға арналған баспалдақтар болады, одан өте алмай қиналасың, – деп бастады ол сөзін.

 

Бұған дейін Үкімет отырысында да мүмкіндігі шектеулі жандардың басында болатын қиындықтар ашық талқыланған еді. Сонда ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің өзі «Мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесі мәз емес. Бұл – өте маңызды мәселе. Бақылауға алу керек» деп аталған мәселеге көңілі толмайтынын ашық айтқан-ды. Мұны кейіпкеріміз де сөзі арқылы растады.

 

– Мүгедектердің жұмысқа тұру мәселесі – өте қиын. Квота аз бөлінеді. Қоғамдық жұмысқа Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамына 14 адамға ғана квота бөлінген. Себебі, Қызылордада 500-ге жуық қоғамдық бірлестік бар. Оның 20-ға жуығы мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс істейді. Әрқайсысының 15-20 ғана адам алуға мүмкіндігі бар. Яғни, субсидия арқылы қаржыландырылады. Мысалы, мүгедектерге 2 жыл бұрын толық емес жұмыс күні деген жеңілдік бар еді, бірақ айлығы толық төленетін. Қазір азанда 9-дан кешкі 7-ге дейін 8 сағаттан аспайтын жұмыста болу міндеттеледі. Бұрынғыдай аптасына 36 сағат толық емес жұмыс күні деген ереже алынып тасталған. Сондықтан, өз мамандығымыз бойынша жұмыс табылып жатқан жоқ, қоғамдық жұмыстың қаржысы жыл аяқталмай таусылып не бөлінбей қалады. Мысалы, мен екі дипломым бола тұра жұмыс таба алмай жүрмін. Мен сияқты мүгедектер жұмыс жоқтығынан үйде отырып қалып жатыр, – деді ол.

 

Мүгедектігі бар баланы бағып отырған ата-ана қандай қателік жасайды?

 

Бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова елімізде 148 мың мүгедектігі бар адамның жұмысқа орналастырылғанын айтқан болатын.

 

Сондай-ақ, еңбекке жарамды мүгедектігі бар жандардың 39 пайызы ғана өзіне жұмыс таба алатыны белгілі болған. Соңғы 3 жылда балалар арасындағы мүгедектік 11 пайызға өскен. Негізі себептің бірі – туабітті аурулардың жоғары болуы.

 

Зәуре Балтабайқызынің қос мамандығы бар. Бірінші мамандығы – журналист, екіншісі – заңгер. Сондықтан, ол тағдырластарына және мүгдектігі бар балаларды бағып отырған ата-аналарға үнемі ақыл-кеңесін айта жүреді.

 

– Мүгедектігі бар баланы бағып отырған ата-аналар мынадай қателік жасайды. Осы орайда, соны айта кетейін. Мүгедек баласын аяйды ма, білмеймін, әлде сау адам секілді өмір сүре алмайды деп есептей ме, әйтеуір математика, физика, химия, т.б. күрделі пәндерден босатып, оқытпай қояды. Салдарынан ертең білім грантына құжат дайындағанда, ең негізгі оқулықтарды оқымағандықтан, ол бала грантты ұта алмайды, жоғары оқу орындарында оқи алмайды. Осы қателіктерді ата-аналар жиі жібереді. Мүгедектерді оқытатын, мамандық алатын оқу орындары аз. Көбіне Шымкент қаласындағы қаржы мен Кентаудағы етікші, тігінші мамандығын оқытатын екі колледжге жібереді. Сонда қыздар – тігінші, ұлдар етікші мамандығын алып шығады. Басқа көп оқу орынында мен білетін жеңілдіктер қарастырылмаған. Сосын колледждер көбіне ақылы түрде оқытады, – деп ашынады кейіпкеріміз.

 

Енді мүгедектер мемлекеттен алған үйін жекешелендіре алады

 

Жыл басынан бері бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жандарға 851 жеңілдіктегі ипотекалық қарыз берілгені туралы ақпарат бар. Солай бола тұра, бас ауыртарлық баспана мәселесі жарымжан балаларды тәрбиелеп отырған азаматтардан да айналып өтпей тұр.

 

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтың айтуынша, 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар 56 мың адам және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 25 мың отбасы тұрғын үй алуға кезекте тұр.

 

– Мүгедектерге көп кездесетін кедергінің бірі – тұрғын үй. Бірақ, бұл кедергі жыл сайын жойылып келеді. Тұрғын үй заңнамасында 20-25 жыл кезекте тұрып пәтер алсақ та, оны жекешелендіре алмайтын едік. 2024 жылдың 4 желтоқсанынан бастап Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заң бойынша, I-II топ мүгедектері үйлерін жекешелендіре алады. Басқа санаттар үйдің 30 пайызын төлеп, қалғанын 10 жыл бойы төлеп тұратын еткен. Тағы бір жаңалық, III топ мүгедектеріне тұрғын үйге кезегіне тұру мүмкіндігін 2012 жылы алып тастап еді, сол жеңілдікті қайта қалыпқа келтірді, – деп қуанышын білдірді Зәуре Өксімбаева.

 

Сондай-ақ, кейіпкеріміз Мәжіліс депутаты, тағдырласы Таңсәуле Серіковке алғысын айтады. Себебі, ол қызылордалық белсендінің ұсынысын қабылдап, университет оқуына бөлінген 2 пайыз квотаны 4 пайыз етіп көтеруге атсалысқан.

 

«Былтырдан бастап 20-ға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматты Мәжіліске депутаттыққа қабылдады. Сол әртүрлі партия атынан Кенжеғұл Сейтжан, Таңсәуле Серіков, т.б. кісілер заң шығаратын органда біздің құқықтарымызды қорғап жүр. Мен де сонда барсам, тағдырластарымның мұң-мұқтажын айтар едім», – дейді Зәуре Балтабайқызы.

 

«Инватакси қызметін күнделікті қолдана алмаймыз»

 

Жуырда ғана Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов мүгедектерге қатысты бірқатар мәселені ашық айтып, олардың жұмысқа тұруы, инватакси қызметіндегі шикіліктер туралы жеткізген еді.

 

– Елімізде 150-ге жуық инватакси қызметі жұмыс істейді. Оған сұраныспен қатар, кезек те өте көп. Сондықтан әкімдіктер инватакси қызметтерін қолдауға, санын артыруға жағдай жасауы керек. Мүгедектігі бар азаматтар үшін арнайы бос жұмыс орындары бар, электронды еңбек биржасы жұмыс істейді. Осындай жұмыс орындарына мемлекет субсидия беріп отыр. Алайда еңбекке жарамды мүгедектігі бар жандардың тек 39 пайызы ғана өзіне жұмыс таба алады. Еңбек министрлігі әкімдіктер мен бизнеспен бірігіп осы мәселеге ерекше назар аударуы керек. Егер мүгедектігі бар адам жұмыс істеуге қабілеті болса және жұмыс істегісі келсе, оған міндетті түрде көмектесу керек, – деп жауаптыларға шегелеп тапсырған-ды.

 

Өз кезегінде Зәуре Өксімбаева Қызылорда облысындағы инватаксидің жайына тоқталды.

 

– Мысалы, «Қызылорда қаласы бойынша 5 инватакси жұмыс істеп жүр» деп айтылады. Оның қызметін жұмысқа баратындар мен оқитындар пайдаланады. Облыс бойынша барлығы – 13 инватакси. Оларды мемлекет қаржысынан емес, демеушілердің қаржысымен облыс басшылығы меморандум арқылы қол қойып, өтініш жасап, алып беретін. Ол такси жүргізушілеріне жалақы, көлікке жанар-жағармай қаражатын жергілікті билік бюджеттен бөледі. Қазір 13 инватаксидің нақты жүріп тұрғаны – 3 не 4. Ол Қызылорда қаласы бойынша нақты оқитын, жұмыс істейтін 600-ге жуық мүгедекке аздық етеді. Біз инватакси қызметін күнделікті қолдана алмаймыз. Екі күн де бір, кезектесіп пайдаланамыз. Кейде заматында шақырсақ, үлгере алмайды, – деп ашынды кейіпкеріміз.

 

«Тағдырластарының 80 пайызы өмірге әлі бейімделе алмай жүр»

 

Бұрындары мүгедектер ауруханаға жату үшін порталды көп күтпейтін, жеңілдігі бар еді. I-III топ мүгедектері де кезексіз, сабылмай-ақ ауруханаға жататын, қазір ол ереже жоқ. Сау адамдармен бірге 25 күн портал күтуге мәжбүр. Мұны кейіпкеріміз айтып отыр.

 

– Біз пайдаланып жүрген арбалар 5 не 7 жылға пайдалануға беріледі. Қытайдан шығарылатын болғандықтан, олар әрі кетсе 3 жылға ғана шыдайды. Сондықтан, оны өзіміз сатып аламыз. Мен 2019 жылдан бері демеушілер арқылы қажетті заттарды (арба, таяқ, жаялық, т.с.с.) алып, тағдырластарыма жеткізіп беремін. «Жан Шуақ» қоғамдық қоры берген арнайы сыйлық 1 миллион теңгенің бір бөлігін де көмекке мұқтаж жандарға керекті затын алып бердім. Жалпы, қайырымды жандарға өз жағдайын жеткізуді сұрайтындар өте көп, – дейді Зәуре Балтабайқызы.

 

Қайтпас қайсар жан бүгінгі күні әр өңірдің белсенді мүгедек азаматтарымен бірігіп, депутаттар не министрлермен онлайн конференцияға қатысып, мәселені бірге талқылайды, мұң-мұқтажын ашық жеткізеді. Тіпті, сол арқылы жеңістерге де жетіп жатқанын жеткізді. Сөз арасында мүгедектерде белсенділіктің төмен екенін де айтып қалды. Сөзінше, тағдырластарының 80 пайызы өмірге әлі бейімделе алмай жүр.

 

Еске салайық, сайт тілшісі бұған дейін де мүгедектер мұңын мәселе етіп көтерген болатын.

 

 

Inbusiness.kz

0
Tags :
No More Posts
Контакты диспетчерских служб инватакси

г.Астана +7 (7172) 48-19-16, пр.Аблайхана 43/1

г.Алматы +7 (7273) 46-62-22, ул.Валиханова 115

г.Атырау +7 (7122) 36-68-42

г.Актобе +7 (7132) 77-65-65 ул.Маресьева 4, «3»

г.Актау +7 (7213) 42-94-51

г.Жезказган +7 (7102) 77-30-80

г,Караганда  +7(7212) 33 07 54+7(7212) 56 54 86 , +7(7212) 51 78 18

г.Кокшетау +7 (7162) 76-16-00, ул.Пушкина 11 «А»

г.Костанай +7 (7142) 50-33-49, ул.Павлова 65

г.Кызылорда +7 (7242) 27-81-49

г.Петропавловск + 7 (7152) 39-76-87, +7( 7132) 46-11-50

г.Семей +7 (7222) 77-42-89

г.Талдыкорган + 7 (7282) 24-34-63

г.Тараз +7 (7262) 43-57-69

г.Туркестан + 7 (725 33) 7-25-41

г.Темиртау + 7(7213) 91-45-42, +7(7213 )91-45-43

г.Усть-Каменогорск +7 (7232) 61-26-40, Сатпаева проспект 36
КШТ микрорайон

г.Уральск +7 (7112) 50-05-06

г.Шымкент +7 (7252) 43-36-77, +7(7252) 43-32-30, +7(7252) 28-38-98 (социальное такси)

г.Экибастуз +7 (7187) 22 12 89, +7(7178)75-47-85

×