Now Reading
Көзге көрінбейтін жұмыс, бірақ көрінетін нәтиже: Астанада әлеуметтік қызметкермен бір күн
Inva.kz информационный портал социальных новостей Казахстана. Инва кз > Новости > Көзге көрінбейтін жұмыс, бірақ көрінетін нәтиже: Астанада әлеуметтік қызметкермен бір күн

Көзге көрінбейтін жұмыс, бірақ көрінетін нәтиже: Астанада әлеуметтік қызметкермен бір күн

Астанада 600-ден астам мүгедектігі бар бала үй жағдайында және «Жансая» орталығында әлеуметтік қызметтер алып жатыр. 110 әлеуметтік қызметкер отбасыларға күтім мен оңалту шараларында көмектеседі. Олардың еңбегін іштен көру үшін Kazinform тілшісі бір күнге мамандығын ауыстырды.

Қазақстанда әлеуметтік қызметкер мамандығын жиі «көрінбейтін» деп атайды. Алайда дәл осы мамандық мыңдаған отбасыға қиындықтармен жалғыз қалмауға мүмкіндік береді. Биылдан бастап елде әлеуметтік қолдау жүйесі жаңғыртылып жатыр: қызметтер бұрынғыдан да қолжетімді бола бастады, ал мамандардың құқықтары мен міндеттері алғаш рет біртұтас Әлеуметтік кодекске енгізілді — бұған дейін бұл нормалар 17 түрлі заңда шашырап жүрген еді.

Әлеуметтік қызметкер болудың қандай екенін түсіну үшін Kazinform агенттігінің тілшісі бұл мамандықты өз басынан өткеріп көруге шешім қабылдады. Оның жолбасшысы — әлеуметтік қызметкер Күнсұлу Мұхамеджанова болды. Оның отбасында «күн баласы» өсіп келеді. Күнсұлудың қызы Даун синдромымен туған, сол себепті ол ерекше баланың ата-анасы болудың қандай екенін жақсы біледі. Білімі бойынша педагог Күнсұлу ұзақ жылдар бойы мүмкіндігі шектеулі балаларға және олардың отбасыларына көмектесіп келеді.

Бұл жерде жүрек маңыздырақ

Біздің күніміз 13 жастағы Янаға барудан басталды. Янаға церебралды сал ауруы диагнозы қойылған. Алайда әлеуметтік қызметкерлердің айтуынша, оның ақылы да, жүрегі де ашық. Яна сөйлей алады, ән айтып, музыка мен өлең жазады, сурет салады және бір күні сахнада өз өлеңдерін оқуды армандайды. Бүгін ол сол арманын шындыққа айналғандай елестетіп, сүйікті өлеңін үйінде, Күнсұлудың жанында оқыды.

Менің тілегім — бәрінен қымбат:

Мұндайды еш жерден таппайсың,

Барлық ерекше балалардың

Балалық шақты сезінуін қалаймын.

Олар да ойнап, күліп,

Әрқашан бақытты болса екен,

«Ауырды» деген сөзді білмей,

Еркін жүріп-тұрып үйренсе екен.

Олардың балалық шағы ауруханада емес,

Алаңда өтсе екен.

Ертегідей жарқын күлкімен.

Адамдар, балаларға көмектесіңіздер,

Жүрегіңіздегі мейірім —

Оларға ғажап сыйлай алады.

Өмірлері бақытты болсын!

— деп өлең оқиды Яна Арзяева.

Ал әлеуметтік қызметкер Күнсұлу үшін бақытты өмір — балалардың ілгерілеуін көру және ертең де біреуге қажет екенін сезіну. Әйелдің сенімі мығым: жақсылық міндетті түрде қайтады. Сол жақсылықпен бірге еңбекақы да артып келеді. Соңғы үш жылда әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы жыл сайын өсіп отыр. Биыл да еңбекақы көбейтілді — қазіргі таңда бұл шамамен 200 000 теңге.

– Үміт соңғы болып өшеді. Мүмкін, әлі де өсер. Біз ақша үшін жұмыс істемейміз – бірақ ақшасыз өмір сүру қиын, – дейді Күнсұлу шын көңілімен. Дегенмен, ол жалақыға шағым айтпайтынын ерекше атап өтеді – керісінше, жақсылық жасап, көмектесуге, пайда әкелуге мүмкіндік бергені үшін жұмыс берушіге алғысын білдіреді.

Күнсұлудың көз алдында Яна ержетті — әлеуметтік қызметкер бұл отбасыға 10 жылдан бері келіп жүр. Ол күні мен Янаға көмектестім: арнайы қатты тақасы бар аяқ киімінің бауын байлап, пәтер ішінде жүріп келе жатқанда сүйеп отырдым. Бір қызығы — Янаға екі қолымнан емес, бір қолымнан ұстау ыңғайлырақ екен. Сол кезде өзін сенімді сезінеді. Жалпы, бұл баладан ерекше жылылық пен позитивті энергия сезіледі — ауырсыну да, қорқыныш та жоқ сияқты.

Көзінен құмарлықпен тануға тырысатын зерек ақыл, тентектік пен шығармашылық мінез айқын көрінеді. Жасы небәрі 13-те болса да, онымен сөйлескенде өзіңді есейген адаммен сөйлесіп отырғандай сезінесің — жан дүниесі таза әрі мейірімді, дәл Күнсұлу апайындай.Яна үшін әлеуметтік қызметкер жақын құрбыдай, толық сенім артуға болатын адам, – деп атап өтті қыз.

– Бұл қыз – мен үшін кішкентай сәуле сияқты. Ол мені күлдіреді, біз ашық сөйлесеміз. Менің кейбір сырларымды біледі, мен оған қатты сенемін. Ол – мейірімді, жүрегі кең жан, – дейді Яна.

Дәл Күнсұлу Янаға қарапайым мектепке бару керек екенін айтып, қолдаған. Себебі Янаның ақыл-ой қабілеті сақталған. Сыныптастары оны жақсы қабылдаған, достары да көп. Ол – шығармашыл тұлға.

Өлең жазады, сурет салады, ән айтады, жүзумен айналысады және иппотерапия курсынан өтеді. Анасы мен Күнсұлу әрдайым жанында. Кезектесіп бассейн мен ипподромға апарады.

Яна дүниеге келген кезде отбасы толық болмаған. Ата-анасы ажырасқан. Бірақ анасы бұл сынақтан сүрінбей өтіп, өз бақытына жол тапқан.

– Янаның әкесі бізге көмектеспейді, араласпаймыз. Бірақ мен ренжімеймін, кінәламаймын. Бұл – өмір. Жай ғана жібердім, болды. Өз адамыма кездестім. Ол қызыммен жақсы қарым-қатынас орнатты, – дейді Янаның анасы.

Яна күн сайын емдік дене шынықтырумен (ЛФК) айналысады. Біз Күнсұлумен бірге қолымызды жоғары көтеріп, құшақтасып жаттығу жасадық – әлеуметтік қызметкердің таңғы күні осылай басталады. Бұл кездесуде тек гимнастика емес, пәтер ішінде жүру, сурет салу да бар. Мұндағы ең бастысы – қасында болу, сөйлесу, тыңдау және есту. Яна сурет салып отырғанда, біз Күнсұлумен ашық әңгімелестік.

– Білесіз бе, – дейді ол, – адамдар көбіне мұндай балалардың бар екенін де білмейді. Кейде әлеуметтік қызметкерлердің бар екенін де білмейтіндер кездеседі, – дейді Күнсұлу.

Бастапқыда ерекше балалармен және олардың ата-аналарымен жұмыс істеу оған да оңай болмаған.

– Баланың немесе ата-ананың қандай көңіл күйде екенін білмейсің, үйдегі жағдай қандай – ол да беймәлім. Бұл үйдегі ауа райы сияқты. Әр түрлі болады. Бірақ мен әрдайым әр адамға жол табуға тырысамын. Иә, бұл жұмыс – шыдамдылық пен психологиялық икемділікті талап етеді, – дейді әлеуметтік қызметкер.

Күнсұлу бұл мамандықта ең жоғары бағалайтыны – көптің көзінен тасадағы адамдарға көмектесе алу мүмкіндігі.

Солардың бірі – Юра. Диагнозы Янамен бір – ДЦП, бірақ мінезі мен жағдайы мүлде басқа.

Юрий Савасин сөйлей алмайды, себебі есту қабілеті бұзылған. Толық отбасында тұрады, жеке секторда. Астананың барлығын өтіп баруға тура келсе де, Күнсұлу бұл кездесулерге әрдайым қуана барады.

Алғашқы таныстықта Юра өте тұйық болған. Қазір де кейде мінезін көрсетіп, сөйлесуден қашып, тіпті ашуланып, айқайлап кететін кездері болады.

Бірақ бұл жолы ол маған және фотографқа жайлы келіп, өзі салған суреттерін, қарындаштарын және қолдан жасаған бұйымдарын көрсете бастады. Юра конструкторлар жинауды жақсы көреді, әсіресе тікұшақтарды. Оның ойыншық тікұшағы – үнсіз арманының бейнесі. Ол бұл туралы айта алмаса да, Күнсұлу оны сөзсіз түсінеді.

Ол үшін Күнсұлу – әрдайым күлімдеп, жылулық пен махаббат сыйлайтын сирек жан.

– Кейде біздің балалар өз қалауын айта алмайды. Бірақ біз бәрін жүрегімізбен сеземіз. Ең бастысы – жандарында болу және жүрекпен тыңдау. Мен олардан шыдам мен өмірге құштарлықты үйренемін, – дейді Күнсұлу. – Олар қуанып жүргенде, мен бәрін дұрыс істеп жатқанымды білемін.

Шыдам мен бағыт

Әлеуметтік қызметкердің жұмыс күні – тек үйге бару емес. Күнсұлу «Жансая» орталығында да қызмет етеді. Бұл – Астана әкімдігінің коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Мұнда балалар ЛФК, психолог, логопед, дефектолог және басқа мамандармен жұмыс істейді. Орталық 640 баланы қамтиды, оларға 170 қызметкер, соның ішінде 110 әлеуметтік қызметкер үйге барып қызмет көрсетеді.

Көбінесе автобуспен жүреді. Бірақ бүгін Күнсұлу қуанып:

– Бүгін біз көлікпен жүрміз – нағыз мейрам! Бәріне үлгеруге ыңғайлырақ, – дейді.

Әлеуметтік қызметкердің еңбегі KPI немесе сандармен өлшенбейді.

– Бұл – шыдамдылық жайлы жұмыс. Баланың күлгені немесе алғаш қадам жасағаны – ең үлкен қуаныш. Және бұл қуаныш – бәрінен де маңызды, – деп түйіндейді Күнсұлу.

«Жансая» орталығы – Астанадағы ерекше мекемелердің бірі. Мұнда тек үйге барып әлеуметтік қызмет көрсетілмейді, сонымен бірге балаларға кешенді оңалту шаралары жасалады. Мамандар отбасыларға күнделікті өмірдегі қиындықтарды еңсеруге көмектеседі, балалардың дамуына жағдай жасап, өмірге бейімделуіне ықпал етеді.

Әлеуметтік қызметкерлер күн сайын сырт көзге көрінбейтін жұмыс жасайды, бірақ олардың еңбегінің нәтижесін әр көмек алған адам анық сезінеді.

0
Tags :
No More Posts
Контакты диспетчерских служб инватакси

г.Астана +7 (7172) 48-19-16, пр.Аблайхана 43/1

г.Алматы +7 (7273) 46-62-22, ул.Валиханова 115

г.Атырау +7 (7122) 36-68-42

г.Актобе +7 (7132) 77-65-65 ул.Маресьева 4, «3»

г.Актау +7 (7213) 42-94-51

г.Жезказган +7 (7102) 77-30-80

г,Караганда  +7(7212) 33 07 54, +7(7212) 56 54 86 , +7(7212) 51 78 18

г.Кокшетау +7 (7162) 76-16-00, ул.Пушкина 11 «А»

г.Костанай +7 (7142) 50-33-49, ул.Павлова 65

г.Кызылорда +7 (7242) 27-81-49

г.Петропавловск + 7 (7152) 39-76-87, +7( 7132) 46-11-50

г.Семей +7 (7222) 77-42-89

г.Талдыкорган + 7 (7282) 24-34-63

г.Тараз +7 (7262) 43-57-69

г.Туркестан + 7 (725 33) 7-25-41

г.Темиртау + 7(7213) 91-45-42, +7(7213 )91-45-43

г.Усть-Каменогорск +7 (7232) 61-26-40, Сатпаева проспект 36
КШТ микрорайон

г.Уральск +7 (7112) 50-05-06

г.Шымкент +7 (7252) 43-36-77, +7(7252) 43-32-30, +7(7252) 28-38-98 (социальное такси)

г.Экибастуз +7 (7187) 22 12 89, +7(7178)75-47-85

×