Қазақстанда жыл сайын шамамен 3 000 бала туа біткен жүрек ақауымен дүниеге келеді, оның 350–400-і Алматы қаласында. Бұл деректер «Балалар кардиохирургиясы мен кардиологиясының шыңдарын бағындыру — медицинаның күрделі жолы» атты балалар жүрек ауруларын емдеуге арналған қазақстандық мамандардың үшінші жыл сайынғы конференциясында жарияланды.
Іс-шараға Қазақстанның жетекші балалар кардиохирургтары, кардиологтары, неонатологтары және өзге де сала мамандары, сондай-ақ жақын және алыс шетелдердің сарапшылары қатысты.
Алматыдағы кардиохирургтар жыл сайын балаларға 200-ден астам жүрекке ота жасайды, оның ішінде 1 677 операция — бір жасқа дейінгі сәбилерге, ал 100-ге жуығы — өмірінің алғашқы күндерінде жасалады. 2011 жылдан 2024 жылға дейін Алматыда балаларға 2 800-ден астам жүрек ота жасалған.
Бүгінде қалалық балалар кардиохирургиясында Aristotle шкаласы бойынша 15 баллдық күрделілік деңгейіндегі оталар сәтті орындалуда, бұл әлемдік стандарттарға сай көрсеткіш болып табылады.
Алматыдағы балалар кардиохирургиясының заманауи үлгісі көпсалалы тәсілге, ерте диагностикаға және жаңа туған нәрестелерге қысқа мерзім ішінде ота жасауға дайындыққа негізделген.
Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы — пренаталдық диагностикадан бастап хирургиялық ем мен оңалтуға, бала бақылауына дейін толық көмек циклін қамтамасыз ететін бірегей клиника. Дәрігерлердің үйлесімді еңбегінің арқасында ауыр жүрек ақауы бар сәбилердің көбі мұнда толыққанды өмір сүруге мүмкіндік алуда.
Конференция қатысушыларына Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов және «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ басқарма төрағасы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас кардиохирургі Юрий Пя құттықтау сөз сөйледі.
III Конференция балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау жолындағы білім мен тәжірибе алмасуға арналған маңызды кәсіби алаңға айналды.