Қазақстанның сурдо дзюдо құрамасы әлемдегі ең мықты команда атанды

Токио қаласында өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстанның сурдо дзюдо ұлттық құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Бүгін сурдодзюдошылар командалық жарыстарға қатысып, сенімді өнер көрсетті.
Ширек финалда Қазақстанның ерлер құрамасы татамидің иелері — Жапония құрамасымен кездесіп, тактикалық тұрғыдан дәл және үздік күрес көрсетіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Әйелдер командасы ¼ финалда Алжир құрамасымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге шықты.
Жартылай финалдарда да жеңіс жолы жалғасты. Ерлер командасы Иран құрамасын 2:0 есебімен жеңіп, қарсыластарына еш мүмкіндік бермеді. Әйелдер тобы да Корея құрамасымен өткен жартылай финалды 2:0 нәтижесімен аяқтап, финалға жолдама алды.
Финалдық кездесулерде ерлер құрамасы Франция командасымен белдесіп, қарсыластарына өз қарқыны мен күрес мәнерін жүргізіп, финалды сенімді түрде жеңіп, Сурдлимпиада чемпиондары атанды.
Әйелдер командасы финалда Украина құрамасымен кездесті. Қиын әрі тартысты белдесуде қазақстандық спортшылар қарсыластарына есе жіберіп, Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Соған қарамастан, финалға шығу және командалық күміс — әйелдер сурдодзюдосы үшін маңызды кезең.
Ұлттық сурдлимпиада комитетінің бас хатшысы әрі Қазақстан сурдодзюдо федерациясының өкілі Айжан Чокинаның айтуынша, бүгінгі жетістік — бүкіл жаттықтырушы құрамның бірлескен жұмысының нәтижесі. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 5 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль бар.
Қазіргі уақытта қазақстандық спортшылар Сурдлимпиадада бадминтон, үстел теннисі, жеңіл атлетика, жүзу, еркін күрес және грек-рим күресі бойынша жарыстарын жалғастыруда.
Бұған дейін Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер футбол құрамасы Еуро-2026 чемпионатының алдын ала іріктеу кезеңінде өз тобының жеңімпазы атанғаны хабарланған.