Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылғы 1 шілдеден бастап дәрілік заттардың айналымын таңбалау жүйесі арқылы талдау жүргізді.
«Таңбаланған тауарлардың электрондық құжат айналымы орталығы» аналитикалық платформасының деректеріне сәйкес, ел бойынша дәріханаларда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында беруге арналған 4114 дәрілік препараттың сатылғаны анықталды.
74 нысанда жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде 31 нысан әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдардың жалпы сомасы 12,3 млн теңгені құрады, ал 43 ұйымға бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді.
ТМККК аясында науқастарға берілген дәрілік заттарды заңсыз сату фактілері анықталды. Бірқатар жағдайда медициналық ұйымдар арқылы таратылған препараттар дәріхана желілеріне түскені белгілі болды.
Анықталған дәрілердің қатарында инфузияға арналған натрий хлориді мен глюкоза ерітінділері, жекелеген антибиотиктер және созылмалы ауруларды емдеуге арналған препараттар бар.
«Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС мәліметінше, таңбалау кодтарын пайдалану барысында жүйелі бұзушылықтар тіркелген: 35 537 рет қайта айналымнан шығару, бір кодты әртүрлі қатысушылардың 480 752 рет қолдануы, сондай-ақ 1140 нысанның 15 614 кодты қайта айналымнан шығарғаны анықталған.
Анықталған фактілер бойынша материалдар Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігіне және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жолданды. Қосымша тексерулер жүргізілуде, бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
Бұған дейін Қазақстанда жаңа дәрілік заттарды тіркеу рәсімін жеңілдетіп, жеделдету жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.