Астанада алғашқы ревматология орталығы ашылды. Енді науқастар ұзақ кезек күтпей-ақ стационарлық ем ала алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ревматология орталығы «Қалалық фтизиопульмонология және ішкі аурулар көпсалалы орталығының» базасында ашылды.
«Бұл орталықтың ашылуы — Астана денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы маңызды кезең. Бұған дейін қалада ревматология саласы бойынша мамандандырылған стационарлық бөлімше болған жоқ. Енді буын аурулары бар науқастар үшін медициналық көмек қолжетімдірек болады.
Госпитализацияны күту мерзімі қысқарады және заманауи емдеу әдістері қолданылатын болады», — деді орталық жетекшісі Анна Цепке.
Бұрын науқастар 6–7 ай бойы кезек күткен.
Осыған дейін қалыптасқан жағдайға байланысты науқастар госпитализацияны алты-жеті айға дейін күтуге мәжбүр болды; көп жағдайда науқастар ауруханаға тек шұғыл көрсеткіштер бойынша түсті; базистік және гендік-инженерлік биологиялық терапияны уақытылы тағайындау мүмкіндігі шектеулі болды.
«Емді ұзақ күту салдарынан ауру асқынып, бұл науқастардың мүгедектікке ұшырау көрсеткішінің өсуіне әкелуі мүмкін еді.
Жаңа ревматология орталығы осы мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған», — деп хабарлады қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Ревматология орталығының ашылуы мамандандырылған стационарлық көмектің қолжетімділігін арттыруға, госпитализация мен консультацияны күту мерзімін қысқартуға, заманауи ем мен оңалтуды дер кезінде тағайындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл ауыр және асқынған ауру түрлерінің санын азайтуға, дәрігерлерге емдеуде мультидисциплинарлық тәсілді қолдануға және науқастардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Ревматикалық аурулар — буындар мен бұлшықеттерді зақымдайтын созылмалы дерттер. Оларды емдеу үшін ерте диагностика, тұрақты бақылау және заманауи терапияны тағайындау қажет.