Қазақстанда халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтарды қолдау мақсатында мемлекеттік гранттар бағдарламасы іске асырылуда. Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елордалық Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар мәлімдеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Грант жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған және 400 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі көлемде қайтарымсыз қаржыландыруды ұсынады. 2026 жылы оның мөлшері 1 730 000 теңгені құрайды.
Грант қаражаты қайтарымсыз негізде беріледі және шағын бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететін бастаушы кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған.
«Берілген қаражаттың нақты мақсатты бағыты бар. Оны тек қолма-қол ақшасыз түрде кәсіп жүргізуге қажетті жабдықтар мен құралдарды сатып алуға, ауыл шаруашылығы жануарларын, тұқымдар мен көшет материалдарын алуға, сондай-ақ үй-жайларды жалға алу мен бизнес-жобаны іске асыруға байланысты өзге де өндірістік қажеттіліктерді өтеуге пайдалануға болады.
Сонымен қатар заңнамада бірқатар шектеулер қарастырылған. Грант қаражатын жеке қажеттіліктерге жұмсауға, тұрғын үй сатып алуға, несиелер мен басқа да қарыздық міндеттемелерді өтеуге тыйым салынады.
Грант алуға халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар ғана үміткер бола алады. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылған азаматтар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған тұлғалар, мүгедектігі бар адамдар, қоныс аударушылар және қандастар бар», – деді спикер.
Оның айтуынша, бағдарламаға қатысу үшін өтініш беруші бірнеше міндетті талапқа сай болуы тиіс. Өтінім берген кезде азамат ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелуі немесе бір жылдан аспайтын мерзім бұрын тіркелген жеке кәсіпкер болуы қажет.
Сондай-ақ міндетті талаптардың бірі – үш жылдан аспайтын мерзім бұрын берілген «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқтағаны туралы сертификаттың болуы. Бұдан бөлек, өтініш беруші жоба сипаттамасы, қаржылық есептеулер және күтілетін нәтижелер көрсетілген бизнес-жоспар әзірлеуі тиіс.
Өтініш берушілер мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы тексеріледі. Кейбір жағдайларда портал өтінімді комиссия қарауына жібермей-ақ автоматты түрде кері қайтарады.
«Еңбек шарты бойынша ресми жұмысы бар азаматтар, несиелер бойынша мерзімі өткен берешегі бар тұлғалар, сондай-ақ бұған дейін жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары аясында мемлекеттік гранттар немесе микронесиелер алған адамдар грант ала алмайды.
Сонымен қатар банкрот деп танылған азаматтар, зейнеткерлер және құжат тапсырғанға дейін алты айдан аз уақыт бұрын жеке кәсіпкерлігін жапқан тұлғалар өтінім бере алмайды. Егер таңдалған қызмет түрі лицензиялауды талап етсе, лицензияның болмауы да бас тартуға негіз болады.
2026 жылдан бастап мемлекеттік грант алушылар үшін бюджет қаражатын тиімді пайдалану мен кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға бағытталған қосымша талаптар енгізілді. Негізгі жаңашылдықтардың бірі – жобаларды мониторингтеу мерзімінің ұлғаюы», – деп түсіндірді орталық директоры.
Егер бұрын бизнес-идеяның жүзеге асырылуы бір жыл бойы бақыланса, енді бұл мерзім 24 айды құрайды.
Грант алған кәсіпкер алғашқы 18 ай ішінде кемінде бір жаңа жұмыс орнын құрып, Мансап орталығы жолдаған азаматты тұрақты жұмысқа орналастыруға міндетті.
Сондай-ақ грант иегерлері жобаның іске асырылу барысы туралы тұрақты түрде есеп беріп отыруы қажет. Есептер екі жыл бойы әр үш ай сайын business.enbek.kz порталы арқылы тапсырылуы тиіс.
Тағы бір жаңашылдық – ақпараттың ашықтығын арттыру. Грант алушылар, іске асырылып жатқан жобалар және құрылған жұмыс орындары туралы мәліметтер жыл сайын 10 сәуірге дейін ашық қолжетімді түрде жарияланып отырады.
Бағдарлама қатысушыларын іріктеу рәсімі қабылданатын шешімдердің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Тегтер: Астана, халықтың әлеуметтік осал санаттары, грант, «Бастау Бизнес» жобасы.