Асқарбек Ертаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне қайта тағайындалды. Ол бұл қызметті 2026 жылғы қаңтардан бері атқарып келеді.
«Ертаев Асқарбек Маратұлын Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне тағайындау туралы», – делінген Президент Жарлығында.
2026 жылғы маусымда Tengrinews.kz тілшісі Рабиға Дүйсенғұлова Еңбек министрі Асқарбек Ертаевпен көлемді сұхбат жүргізді.
Министр сәбиімен бірге курьер болып жұмыс істеген әйелге қатысты оқиғадан кейінгі сынға жауап беріп, зейнетақы жинақтарын алу үшін жеткіліктілік шегінің көтерілуін түсіндірді. Сондай-ақ ол БЖЗҚ-ға деген сенім, жұмыссыздық және Қазақстандағы мамандар тапшылығы туралы айтты.
Асқарбек Ертаевтың өмірбаяны
Асқарбек Ертаев 1977 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, «НҰР» Ақтөбе менеджмент, бизнес және құқық институтын тәмамдаған.
Еңбек жолын 1997 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімінің аппаратында маман болып бастаған.
2000-2014 жылдары банк саласында қызмет атқарды.
2014 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Сауда комитетінің бас сарапшысы міндетін атқарушы болып тағайындалды.
2014-2021 жылдары Ұлттық экономика министрлігінде бас сарапшы, басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары және департамент директоры қызметтерін атқарды.
2021-2022 жылдары – Президент Әкімшілігі Қауіпсіздік Кеңесінің талдау бөлімінің сектор меңгерушісі.
2022-2023 жылдары – Қазақстан Үкіметі Аппараты Премьер-министр Кеңсесінің экономикалық бөлімінің меңгерушісі.
2024 жылғы тамызда Асқарбек Ертаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалды.