2026 жылдың соңына дейін Шымкентте тұрғындардың жекелеген санаттарына мерекелік және атаулы күндерге орай біржолғы әлеуметтік төлемдер беріледі.
Төлемдер зейнеткерлерге, мүгедектігі бар балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға және Желтоқсан оқиғаларының ақталған құрбандарына беріледі. Әлеуметтік көмек мәслихаттың келісімімен жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.
1 қазан – Қарттар күніне орай 70 жастан асқан 35 973 зейнеткерге біржолғы көмек көрсетіледі. Әрқайсысына 3 АЕК, яғни 12 975 теңгеден беріледі. Қалалық бюджеттен бұл төлемдерге 466,8 млн теңге бөлінді.
— Мерекелік төлемдерден бөлек, қалада 80 жастан асқан жалғызбасты азаматтарға ай сайын қолдау көрсетіледі. Көмекті 101 зейнеткер алады, әрқайсысына 2 АЕК, яғни 8 650 теңгеден төленеді. Оларды қолдауға 7 млн теңге бөлінді, — деп хабарлады қала әкімдігі.
25 қазан – Республика күніне орай мүгедектігі бар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға біржолғы көмек көрсету жоспарлануда. Бастапқыда бұл төлемдер Конституция күніне орайластырылған болатын, алайда биылдан бастап мереке 30 тамыздан 15 наурызға ауыстырылды.
— Қазіргі уақытта нормативтік құқықтық актілерге қажетті өзгерістер енгізілуде. Осыған байланысты төлемдер Республика күніне орай қарастырылды. 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың әрқайсысына 5 АЕК, яғни 21 625 теңгеден беріледі. 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, Шымкентте осы санатқа жататын 8 238 бала тіркелген. Жергілікті бюджеттен 178,1 млн теңге бағыттау жоспарлануда. Сонымен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 720 балаға 20 АЕК, яғни 86 500 теңгеден төленеді. Оларға 62,3 млн теңге қарастырылған, — деп толықтырды ведомство.
Шымкентте биылғы соңғы төлемдер 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай беріледі. Желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін саяси қуғын-сүргін құрбандары ретінде ақталған 33 адамға 65 АЕК, яғни 281 125 теңгеден төленеді. Қалалық бюджеттен бұл көмекке 9,2 млн теңге бағытталады.