Олар арнайы порталдардағы дауыстарды жасанды жолмен көбейту қызметіне жүгінген.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының ұйымдастырушылары мониторинг барысында жасанды дауыс берулерді анықтаған.
Тексеру барысында кейбір қатысушыларға аз уақыт ішінде шамадан тыс көп дауыс берілгенін байқаған, оның ішіне шетелдік ІР-мекенжайларынан да берілген дауыстар болған. Ұйымдастырушылар ереже бұзған кандидаттарды атамады.
«Ұйымдастыру комитеті нақты бір қатысушылар үшін дауыс беріп және ол үшін сыйақы алу туралы ұсыныстар білдірілген хабарландырулар болғанын анықтаған. Қатысушылардың мұндай әрекеттері әділ емес әрекет ретінде бағаланады», — деп хабарлайды жоба ұйымдастырушылары.
Жасанды жолмен дауыс беруді көбейтудің тағы бір тәсілі боттарды пайдалану арқылы жүзеге асырылған. Мұның дәлелі ретінде мәселен, zywmd@list.ru, w7a5u45cjfzw8fz@bk.ru тәріздес түрлі белгісіз электронды мекенжайлардан келіп түсетін дауыстардың көптігін байқауға болады
«Дауыс беру ретін бұзған өзге де қатысушылар жаппай шаблондық пошта мекенжайларын пайдаланған (бір ұстаным бойынша генерацияланған), бұл да боттарды пайдалану болып есептелінеді», — деп көрсетіледі хабарламада.
Ұйымдастырушылар онлайн дауыс беру барысында ереже бұзушылық немесе дауысты жасанды жолмен көбейту жайттарын анықтаған жағдайда қатысушыны жобадан шығару құқығын пайдалана алады.
«Сондықтан жобаға қатысуға өтінім берген кейбір кандидаттар жобадан шығарылған», – деп хабарлайды ұйымдастырушылар.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үміткерлеріне дауыс беру 25 наурыздан 12 сәуір аралығында өткізілген.
Источник: informburo.kz