16 шілдеде қазақстандық жоғары оқу орындарына түсу үшін білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау басталды. Ол 25 шілдеге дейін жалғасады және электронды түрде жүзеге асырылады.
Бейнебайланыс бойынша кеңес беру
Қиын эпидемиологиялық жағдайға байланысты және талапкерлер мен олардың ата-аналарының денсаулығын қорғау мақсатында ЖОО-да виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейді, олар талапкерлерге бейнебайланыс арқылы кеңес береді, деп хабарлады ҚР БҒМ Баспасөз қызметі.
Ұсынылатын құжаттар
Оқуға түсушілер 6 мамыр мен 1 шілде аралығында өткен ҰБТ-ның екі нәтижесінің бірімен конкурсқа қатыса алады.
Өтініш берген кезде талапкерлерге аттестаттың электрондық көшірмелерін, аттестатқа қосымшаны және электрондық құжат нысанындағы 3×4 өлшемді цифрлық фотосуретті, сондай-ақ басқа да растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса тіркеу қажет.
Егер талапкер «Алтын белгі» иегері болса немесе отансүйгіштік және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен марапатталса, ол баллдары тең болған жағдайда басым құқыққа ие болады.
Олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздарында да осындай артықшылық бар. Мұндай жетістіктердің ескерілуі үшін құжаттарды тапсыру кезінде растайтын құжаттардың көшірмелерін тіркеу қажет.
Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификат болған кезде өтініш беруші халықаралық тіл сертификатының атауын, балын көрсетеді және электрондық сертификатты тіркейді.
Өту балы
ҰБТ қорытындысы бойынша кемінде 65 балл жинаған талапкерлер ұлттық жоғары оқу орындарында грантқа үміткер бола алады:
— Педагогикалық ғылымдар-кемінде 75 балл;
— Денсаулық сақтау-кемінде 70 балл;
— ауыл шаруашылығы және биоресурстар, ветеринария-кемінде 60 балл;
— басқа жоғары оқу орындарына-кемінде 50 балл.
Бұл ретте ҰБТ-ның әрбір пәні және (немесе) шығармашылық емтихан бойынша кемінде бес балл жинау қажет.
Сұранысқа ие мамандықтар
Білім беру гранттары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне және жұмыс берушілердің кадрларға қажеттілік туралы ақпаратына сәйкес бөлінген.
Магистратурада оқуға педагогикалық мамандықтар үшін гранттардың көп саны қарастырылған – 3642. Инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына – 3429, жаратылыстану ғылымдарына, математика мен статистикаға-1278, ақпараттық – коммуникациялық технологияларға – 1233, ауыл шаруашылығы мен биоресурстарға-527 грант бөлінді.
Магистратураға кешенді тестілеу
Ведомствода магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуді тапсыруға ниет білдірушілерді тіркеу 15 шілдеде аяқталғанын еске салды. Емтихан 20 шілдеде басталады.
— Талапкерлердің жайлылығы үшін тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда апелляция беру жүйесі өзгертілді. Ол электронды форматта өтеді. Енді талапкер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады.
Докторантура
2021-2022 оқу жылында докторантураға 1890 білім беру гранты бөлінді: инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – 446, педагогикалық ғылымдар – 370, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 292, өнер және гуманитарлық ғылымдар – 205.
Докторантураға өтініштер қабылдау басталды. Қабылдау емтиханы алғаш рет тестілеу орталықтары базасында электрондық форматта өтеді.
Мұндай формат өткен жылы магистратураға түсу емтихандарын тапсыру кезінде енгізілген болатын. Ол академиялық адалдықты және емтихан тапсыру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл тәжірибе Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу кезінде де өзін жақсы жағынан көрсетті, өйткені әрбір компьютер бейнекамерамен жабдықталған. Бұл әрбір талапкерді байқауға және сол арқылы емтихан тапсыру рәсімінің және жалпы қабылдаудың транспаренттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік квоталар
Ведомствода 2021-2022 оқу жылында білім беру гранттарын бөлу кезінде Білім және ғылым министрлігі халықтың әлеуметтік осал топтары үшін квоталар бөлгенін ерекше атап өтті. Бұл шара алғаш рет Президенттің тапсырмасына сәйкес қарастырылған.
Енді көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардағы талапкерлер грант алу мүмкіндігіне ие болады.
Білім және ғылым министрлігі Президенттің тапсырмасына байланысты әлеуметтік осал топтардан шыққан балалардың мемлекет есебінен білім алу үшін мүмкіндіктерді арттыру бойынша жұмыс жүргізді. Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала тәрбиеленетін отбасылардан шыққан балаларға гранттардың жалпы санының 5% – ы, осы жағдай кемінде үш жыл тоық емес отбасылардан шыққан балаларға-1%, І, ІІ топтағы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балаларға білім беру гранттарының 1% — ы көзделген. Бұл ретте олардың ҰБТ тапсыру нәтижелері шекті баллға сәйкес келуі тиіс.
Сонымен қатар, жетім балалар мен қазақ диаспорасының өкілдері жеңілдікті гранттар алады. Осылайша, азаматтардың әлеуметтік осал санаттарындағы талапкерлер білім беру гранттарын беру кезінде басымдыққа ие болады. Мысалы, егер педагогикалық мамандықтарға 8 мыңға жуық білім гранты бөлінсе, оның ішінде 1063 грант азаматтардың жеңілдікті санаттары үшін көзделген.
Медициналық анықтама тек қабылдау кезінде қажет
Медициналық анықтама алуға ниет білдірушілер санының артқандығына байланысты, бұл гранттар беру конкурсына қатысу үшін құжаттарды тапсыру кезінде талап етілмейтінін естеріңізге саламыз.
Медициналық анықтама тамыз айында басталатын университетке қабылдау кезінде ғана қажет. Яғни, сізде оны алуға әлі уақыт бар. Пандемия кезінде өзіңізді және денсаулығыңызды сақтау маңызды.