ЖОО-ға қабылдау үшін құжаттарды қабылдау 28 тамызға дейін (қоса алғанда) ұзартылды.
Мұндай шешім ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінде қабылданды. «Бұл біздің талапкерлер үшін жақсы жаңалық деп ойлаймын. Біз мерзімдерді ұзарту туралы өтініштер санын ескердік. Білім беру гранттарының иегерлеріне де, ақылы негізде оқуды жоспарлап отырғандарға да мүмкіндік берілді», — деп атап өтті Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ЖОО-ға қабылдау үшін құжаттарды 25 тамызға дейін тапсыру қажет болатын. Айта кетейік, білім гранты иегерлерінің өтінімдері электрондық үкімет порталы eGov.kz. арқылы қабылданады ақылы негізде оқу үшін жоғары оқу орындарының Виртуалды қабылдау комиссияларына жүгіну қажет. Олардың тізімі ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында орналастырылған.