
Қалған 25 вокзал бойынша жұмыстар 2026 жылы аяқталады.
Осы жылдың соңына дейін Қазақстанда 100 теміржол вокзалы жаңғыртылуы тиіс, деп хабарлады көлік министрі Нұрлан Сауронбаев. Үкімет отырысы барысында премьер-министр Олжас Бектенов көлік министрінен елдегі 125 теміржол вокзалын қайта жаңарту және жаңғырту жұмыстары қандай кезеңде тұрғанын және олардың уақытында аяқталу жоспары бойынша сұрақ қойды.
«Сіздің тапсырмаңыз бойынша жұмыстар басталды. Биыл 100 вокзал бойынша аяқтаймыз. Қалған вокзалдар бойынша жұмыстарды 2026 жылы аяқтаймыз», — деп жауап берді Сауранбаев.
Министрдің айтуынша, жобаны іске асыру бекітілген нормативтік-техникалық мерзімдерге сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жаңарту станциялық кешендердің негізгі элементтерін қамтиды, оның ішінде:
қасбеттер;
шатыр;
интерьерлер;
коммуналдық желілер;
жолаушылар залдары;
платформалар.
Сондай-ақ, вокзалдарда заманауи қауіпсіздік, навигациялық және жарықтандыру жүйелері орнатылып, жүріп-тұру мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға жағдай жасалады. Премьер-министр қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.