Дарынды студенттерге гранттар мен сыйақылар беріледі. Сондай-ақ олардың мұғалімдеріне ынталандыру шаралары қарастырылады. Бұл туралы жетінші шақырылған парламенттің екінші сессиясының ашылуында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылды.
Бүгінде үлкен бір проблема туындап отыр. Балалар білімнің қажеттілігін көрмейтіндіктен оқудан шығып жатыр. Мен Үкіметке бұл мәселені байыпты түрде, атап айтқанда қашықтан оқыту форматтарына арналған ақпараттық жүйелердің сапасын арттыру арқылы шешуді тапсырамын. Біздің білім қол жетімді және инклюзивті болуы керек, — деді президент.
Сонымен қатар Тоқаев жағымды жаңалықтардың бар екендігін де атап өтті.
Биыл бірнеше қазақстандық мектеп оқушылары халықаралық турнир олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері болды. Мұндай дарынды балаларға қолдау қажет. Біз оларға жоғары оқу орындарына конкурстық емес негізде түсуге гранттар береміз, біржолғы ақшалай сыйақылар төлейміз»,- деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай балаларды тәрбиелеген мұғалімдерді моральдық және қаржылық жағынан да ынталандыру керек.
Жалпыға бірдей білім беру шеңберінде әлеуметтік осал отбасылардың балаларын қолдаудың маңызы зор. Материалдық қолдау шаралары «Цифрлық мұғалім» білім беру жобасымен толықтырылуы тиіс. Білім беру жүйесіне ынталы және білікті мұғалімдер қажет. Мен мұғалімдерді қайта даярлау қазіргідей бес жыл емес, үш жыл сайын қажет деп есептеймін. Өйткені олар жаңа білімнің тасымалдаушысы, нағыз ағартушы болуы керек. Сонымен қатар мұғалімдер курстарға өз қаражаты есебінен өтетін жағдайларға жол бермеуіміз керек, — деп қорытындылады президент.