Now Reading
«Дәрігерімізге айтар алғысымыз шексіз»
Inva.kz информационный портал социальных новостей Казахстана. Инва кз > Новости > «Дәрігерімізге айтар алғысымыз шексіз»

«Дәрігерімізге айтар алғысымыз шексіз»

Реабилитолог дәрігер церебральды сал ауруы бар балаларды емдейді

Күнделікті өмірде қызметі арқылы ондаған азаматқа көмек қолын созған қарапайым қазақстандықтар жайында не білеміз? Бүгінгі материалымызда солар жайында баяндайтын боламыз. Солардың бірі әрі бірегейі – балалар дәрігер және реабилитологы Латиф Парпиев. Соңғы төрт жылдан бері ол балаларды оңалтумен айналысып келеді. Дәрігердің жұмыс орнына барып, әңгімелесіп қайтқан едік.


 

— Сырқаты бар балаларды оңалту кезеңінде алуан түрі ем жасалады. Бізге келетін әр балаға жеке бағдарлама құрылады. Олардың қатарында кинезотерапия, массаж, түзету ему, жаттығу терапиясы және т.б.бар. Баланың диагнозына қарай арнайы емдеу курстары таңдалады. Себебі, церебральды сал ауруы бар балалармен ұзақ жұмыс істеу қажет, — дейді балалар дәрігері және реабилитологы Латиф Парпиев.

Ол көбінесе екі жасқа дейінгі сәбилерді ғана қабылдайды.

— Осы істі бастамас бұрын балалар мүгедектігі мен шала туған нәрестелер арасындағы мүгедектікті зерттедім. Әсіресе мүгедектігі бар балаларда кездесетін асқынулардың басты сипаты – бұлшықет тобының зақымдалуы. Екі жастан асқан балаларды емдеу қиындай түседі, — дейді балалар дәрігері.

Бұған да себеп бар. Айтуынша оңалту кезеңі бірнеше түрге бөлінеді. Олар ерте, орта және кеш оңалту кезеңдері. Әсіресе жаңа туған шақалақтан бастап 2 жасқа дейінгі сәбилерді емдеген әлдеқайда жеңілдеу екен. Өйткені бұл уақытта көптеген жақсы нәтижелерге қолжеткізуге болады. Ал жасы екіден асқандар арнайы белсенді оңалту жүргізуді қажет етеді. Сондай-ақ сол уақытта физикалық жүктеме де көбірек болу керек.

Ол күніне шамамен 10-нан аса баланы оңалту кезеңінен өткізеді және бес-алты балаға консультативтік кеңес береді.

— Негізгі мақсатым – церебральды сал ауруы бар балалардың диагнозын нақты анықтап, сол бойынша емдеудің дұрыс түрін белгілеу. Оңалту кезеңінен өткізіп, өзгелер сынды өмір сүруге мүмкіндік беру. Бастысы — баланы аяққа тұрғызу. Ал жағдайы тым нашар сәбидің дертін мүмкіндігінше жеңілдету, — дейді Латиф Парпиев.

Церебральды сал ауруының пайда болуының негізгі себептері бұл инсульт, инфаркт және т.б. Сондай-ақ аймақтың экологиялық жағдайы, анасының созылмалы ауруы, ата-анасының тұқым қуалайтын ауруы, дәрумендердің жетіспеушілігі, анасының дұрыс тамақтанбауы және.т.б факторлар әсер етеді.

— Оңалту кезеңінде қолданылатын әдістердің барлығы жақсы. Олардың көбісі бір не екі жастан асқанда қолданылады. Өйткені жаңа туған шақалақтың диагнозын нақтылағанша бала осы жасқа келеді. Қандай да бір әдісті тиімді деп айту қиын. Өйткені әр тәсілдің өзіндік артықшылықтары бар. Кезінде өзім осы бағытта оқыған уақытта көптеген тәсілді қарадым, салыстырдым, зерттедім. Бір айтарым, мұндай уақытта әр дәрігер өзі шешеді. Әсіресе 2 жасқа дейінгі балаларды оңалту кезеңінде көп тәсіл қолданылмайды. Ал өзімнің қолданып келе жатқан тәсілімнің пайдасы барын күнделікті өмірде байқап жүрмін. Нәтиже бар. Сондықтан негізгі жұмысымнан тыс уақытта өзге әріптестеріммен бөлісіп тұрамын, — дейді Латиф Парпиев.

Сонымен қоса, жұмыстан тыс уақытта ол церебральды сал ауруы бар балаларды оңалту бойынша пайдалы түрлі сабақтарды түсірумен айналысады.

— Видеоларды соңғы төрт жылдан бері инстаграмм желісіне ұдайы салып келемін. Ал ютуб парақшама жүктей бастағаныма бір жылдан асты. Оңалтудың қиын түрлері бойынша шағын әрі пайдалы посттарды жиі жазып тұрамын. Оларды оқыған ата-аналар көбінесе көзіне еріксіз жас алып жатады. Бұл посттарды жазудағы мақсатым – церебральды сал ауруы нақтыланған баланың ата-анасына алғашқы кеңестер беру, — дейді ол.

Дәрігердің айтуынша баланың церебральды сал ауруы барын естігенде кей отбасылардың шаңырағы шайқалып, соңы ажырасумен тынады екен.

— Ерлі-зайыптылар ажырасады. Нәтижесінде әйелі ауру баламен бір өзі қалады. Ал кей отбасыларда әйелі баланың оңалту шараларымен айналысса, күйеуі тек табыс табумен ғана шектеледі. Осының салдарынан әйелі мен күйеуінің арасындағы отбасылық байланыс әлсірей бастайды. Мен әрбір ата-анаға екеуі де тең айналысу қажет екенін айтып, кеңес беремін, — дейді Латиф Парпиев.

Сондай-ақ ол ата-аналарға арналған пайдалы кеңестерімен де бөлісті.

— Алдымен, баланың күтімімен ата-ананың екеуі де айналысқаны жөн. Бұл – өте маңызды. Мәселен, анасы баласын оңалту шарасында қандай тәсілдерді қолданғанын күйеуіне айтып отырғаны жөн. Егер қандай да бір тәсілден нәтиже болмаса басқа жолын бірге қарастырса, нұр үстіне нұр болады. Ал біз, еркектер қауымы тыңдағанды жақсы көреміз ғой. Сондықтан әйелі мен күйеуі бір-бірімен ақылдасып отырса, бір-бірінің қолдауын сезінсе, мұның балаға тигізер пайдасы мол. Ондай қадам баланың тез жазылып кетуге септігін тигізеді, — дейді ол.

Латиф Парпиев ата-аналарға бір орында тұрмауға кеңес береді. Баланы оңалту кезеңінде қандай да бір тәсіл оң нәтижесін бермесе онда басқа жолын қарастыру қажет. Ата-ананың ұдайы ізденісте болуы маңызды.

— Тағы бір маңызды нәрсе – баланы дұрыс емдеу. Мәселен, маған ап-арық бір жарым жастағы баланы емдеуге алып келеді. Кей ата-аналар баласын тура бір ай бойы оңалтудан өткізеді. Бұл – дұрыс емес. Керісінше шамамен15-20 күндік оңалтудан соң үзіліс болуы қажет. Ұзақ уақыт баланы оңалтудан өткізген соң өз бетімен үйренуге қажет энергиясы таусылып қалады. Нәтижесінде емдеу шарасы зая кетеді. Ал кей мамандар пайда үшін оңалту шарасын үзіліссіз өткізеді. Ал ата-аналар болса, дәрігердің айтқанына еш күмән келтірмейді. Бар қалауы – баласын аяқтан тұрғызу. Ал үзіліс уақытында ата-ана баласымен үйде айналысқаны жөн. Шамамен 15-20 минуттан үш-төрт мәрте жаттығулар жасауды әдетке айналдыру қажет. Ал кез келген білікті дәрігер үйге тапсырмалар беруді ұмытпайды, — дейді балалар дәрігері.

Латиф Парпиев соңғы төрт жылдан бері жұмыс барысында қолданатын әдісінің оң нәтиже беріп жатқанын айтады.

— Церебральды сал ауруы бар балалардың өмірге бейімделуі ең әуелі ата-анасына байланысты болып келеді. Мәселен, баланың жасы үш-алты айдан асқан кезде диагнозы анықталса, онда ол оңалту шарасында әрдайым жылай береді емес пе? Сол кезде ата-ана баланы қолға алып уатады. Ал бұл дұрыс емес. Бұл – ата-аналар жіберетін үлкен қателік. Иә, баланы сәби кезінде қолға үйреткен жақсы ғой. Шамамен 10 жасқа дейін солай істеуге болады. Ал бала есейген уақытта ата-ана солай істей алмайды ғой. Сондықтан мейлінше кішкентай кезінен бастап баланы өз бетімен қимылдауына жағдай жасаған жөн, — дейді дәрігер.

Егер баланың диагнозы тым күрделі болса онда арнайы мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс дейді Латиф Парпиев.

— Арнайы мамандар баланың өз бетінше қозғалып, жүріп-тұруға үйретеді. Егер баламен кәдімгі сау бала секілді емдік шараларын өткізсе, оның тез жазылуына мүмкіндік бар. Өйткені ол да өзге сау балалар секілді емін-еркін жүріп-тұруға тырысады. Мәселен, баланың аяқ киімінің бауы шешіліп кетсе, оны өзі байлауына мүмкіндік беру керек. Бұған алғашында біраз уақыт кетуі мүмкін. Сондықтан ата-ана оған шыдамдылық танытқаны жөн. Үйде де баламен жаттығулар жасап тұру қажет, — дейді ол.

Соңғы төрт жылдан бері Латиф Парпиев өзінің командасымен шамамен 10 мың баланы дертінен айықтырған. Оның командасы 20 білікті дәрігерден құралған. Олар республиканың түкпір-түкпірінде қызмет етіп жатыр.

— Науқастардың көп болуына байланысты менен ем-дом алған балалардың кейінгі жағдайын бақылауға уақыт болмайды. Бірақ көшеде болмаса автобуста кетіп бара жатқанда ата-аналар өздері бірден сәлемдесіп, баланың жағдайын айтып жатады. Мен оған өте қуаныштымын. Баласын аяқтан тұрғызған ата-ананың айтар алғысы, эмоциясы маған жақсы әсер сыйлайды. Тіпті кейде баласының туған күн кештері мен тұсаукесер рәсіміне қонақ болуға шақырып жатады. Десе де кейде керісінше баласының жағдайын айтпақ түгілі, танымайтын сыңай танытатын ата-аналар да кездеседі. Бір жағынан мен оларды жақсы түсінемін. Өйткені олар өмірінің белгілі бір кезеңіндегі қиын жағдайды ұмытқысы келеді. Баласының жағдайымен бөлісіп, видеоларын жіберіп тұратын ата-аналарға мен қуанамын және ризашылығымды білдіремін, — дейді балалар дәрігері.

Жауапкершілігі мол қызметі арқылы мыңдаған баланы емдеген Латиф Парпиев көптеген ата-ананың алғысына бөленіп келеді.

— Жұрттың алғысы адамға жаңа энергия, жаңа мотивация береді. Ең әуелі бұл ата-анам үшін үлкен мақтаныш. Екіншіден, жұмысымды одан сайын жақсы орындауға стимул сыйлайды. Алғысқа бөленудің нәтижесінде команда жасақталды. Олармен әрдайым тығыз байланыстамыз. Бір-бірімізбен күрделі диагноздарды ақылдасып, шешімін табуға тырысамыз. Осындай жұмыстар адамды кәсіби тұрғысынан алға ілгерілеуге күш береді, — дейді ол.

Сондай-ақ дәрігер 2013 жылдан бері волонтерлік жұмыспен де айналысады. Ол балалар үйінің тәрбиеленушілеріне алғашқы көмек көрсету, студент кезде табыс табу жолдары сынды өмірлік қажетті сабақтар бойынша шеберлік сағаттарын өткізіп тұрады.

— Әлеуметтік осал топтар санатындағы азаматтарға қажетті заттарды апарумен шұғылданамыз. Оған қоса, жаңа жыл, балалар күні сынды мейрамдар қарсаңында түрлі мультфильм персонаждарының киім-кешектерін киіп, мерекелік шараларды ұйымдастырамыз,- дейді балалар дәрігері.

Балалар дәрігері ата-аналарға өз баласының жазылып шығатынына сену керектігін айтады. Сондай-ақ бір орында тұрмай керісінше үнемі ізденісте болу қажет екендігін жеткізді.

 

— Жұмыстан бөлек аптасына үш мәрте спортпен шұғылданамын. Жүзумен айналысамын. Апта сайын достарыммен, әріптестеріммен моншаға барып тұрамын. Және кітап оқығанды жақсы көремін. Маған Виктор Цойдың орындауындағы әндер ұнайды. Сол кісінің ән жинақтарын жиі тыңдап тұрамын. Сондай-ақ үйде бөлме өсімдіктерін өсіремін. Тіпті менің қызанақ, болгар бұрышын өсіретін шағын бақшам бар. Осылардың барлығы жіті бақылауды қажет етеді, — деп сөзін түйіндеді 34 жастағы балалар дәрігері Латиф Парпиев.

«Уақытылы жасалған реабилитация жақсы нәтижесін көрсетеді»

Латиф Парпиев емдеген балалардың бірі – Сырғалым.

— Қызымыз Сырғалым мерзімінен ерте 25 аптада 675 грамм болып туылды. Шала туған балаларды жасанды тыныс алу аппаратына қосып, кувезде жетілдіреді. Үйге шыққан соң көптеген дәрігерлермен бірлесе жұмыс жасадық. Бала жүрген соң оған сол аяғына парез деген диагноз қойылды, — дейді анасы Әсел Оразғалиқызы.


Анасы сол уақытта Латиф Парпиевтің диагнозы тым күрделі балаларды аяққа тұрғызатыны жайында естігенін айтады.

— Дәрігердің «инстаграмм» желісінде парақшасын тауып, хабарлама жаздық. Латиф Дауран

біздің диагнозбен танысып, көңіл аударатын жағдай екенін айтып, бірден консультацияға келісті. Содан шамамен алты-жеті курсқа созылған массаж алдық. Нәтижесінде сол аяғымызды сүйремей, жақсы жүріп және жүгіріп кеттік. Дәрігерге өте риза болдық. Латиф Дауранұлына мықты денсаулық тілейміз. Ол кісі кішкентай науқастарына өз махаббаты мен қамқорлығын сыйлайтын жүрегі таза әрі білікті дәрігер, — дейді Әсел Нұрпейісова.

Бастысы Сырғалымның анасы үмітінің ақталғанын қуанышпен жеткізді.

— Шала туылған нәрестеге көп көңіл бөлу қажет. Оның дұрыс жетілуі үшін массаж алудың пайдасы мол. Сондай-ақ баланың тамақ рационына да көп назар аударған жөн. Әрдайым құнарлы тағамдар беріп отыру керек, — дейді Әсел Оразғалиқызы.

Сәбиін емдету үшін Әсел Нұрпейісова мемлекеттік емханалардан бастап ақылы жеке орталықтарға дейін апарған. Ол бастысы алдынан жақсы жандар кезіккеніне риза екенін жеткізді,.

Қазір Сырғалымның жасы – алтыда. Ол логопедиялық бала-бақшаға барып жүр. Сондай-ақ бассейнге де барып тұруды әдетке айналдырған.

— Балаға диагноз қойылған кезде әр ата-анаға айтарымыз: еш мойымай, керісінше жауапкершілікті қолға алып, баламен коррекциялық жұмыс жасау керек. Уақытылы жасалған реабилитация жақсы нәтижесін көрсетеді. Ең бастысы уақыт жіберіп алмау керек. Ал біз, қолдауды дәрігерлерден және ата-аналарымыздан алдық. Қолдау мен жауапкершіліктің арқасында үлкен сеніммен қадам басып, әр кезеңнен өттік, — деп еске түсірді Сырғалымның анасы.

Сондай-ақ сөз соңында Әсел Оразғалиқызы Сырғалымның дәрігері Латиф Парпиевке алғысын айтуды да ұмытпады.

— Дәрігерімізге айтар алғысымыз шексіз. Бастысы жүрегіңіздегі мейірім оты ешқашан сөнбесін. Себебі сіз алдыңызға келген бүлдіршіндерге көмектесіп, толыққанды өмір сүруіне үміт бересіз, — деді Әсел Оразғалиқызы.

«Ол өз бетімен отыра алмады»

— Ұлым Алижан 34-ші аптада дүниеге келді. Босану кезінде балаға ауа жетіспей жатты. Сондықтан дәрігерлер ота жасау керектігін айтты. Босанған соң ұлымда тыныс алуы қиындай түсті, жүрегінде ақау болды. Сондай-ақ шамамен бір айдай арнайы аппараттың көмегімен тамақтануға тура келді, — дейді анасы Ельдана Исентаева.

Ельдана Исентаева Латиф Парпиев жайында өзге аналардан естігенін айтады.

— Дәрігер Латиф Дауранұлы жайында естіген бойда бірден хабарластық. Өзге мамандар ұлымызға массаж жасауға келіспеген еді. Ал біздің дәрігеріміз болса, диагнозымыздың қиындығына қарамастан массаж жасауға келісе кетті. Сол уақытта ұлым алты айлық еді. Ол өз бетімен отыра алмады және басын ұстай алмады, — деді Алижанның анасы.

Содан олар массаждың үш курсынан өтеді.

— Массаж курсынан өткен соң нәтиже бірден байқалды. Ұлым өз бетімен басын ұстап, отырып-тұра алатын, еңбектей алатын деңгейге көтерілді. Жүрекке ота жасағаннан кейін біз тағы бір курстан өттік. Содан кейін аяғымызға тұра алатын болдық. Ал екі жасқа толғанда алғашқы қадамдарды жасай алдық. Қазір ұлымның жасы – үште, — дейді Алижанның анасы.

Оңалту кезеңінен Ельдана Исентаева тек жақсы үміт күткенін айтады.

— Оң нәтижелерді көргеннен кейін қуанышымызда шек болмады. Тым күрделі диагнозға қарамастан ұлымды емдегеніне алғысым шексіз. Ол біздің алғашқы дәрігер-реабилитологымыз. Ұлымды емдеуге келісіп, үміт сыйлады және сол үмітіміз ақталды. Сол кісіге дер уақытында хабарласқаныма қуанамын. Латиф Дауранұлын ешуақытта ұмытпаймыз. Шексіз алғыс білдіремін. Дәрігеріміз жайында Алижанға болашақта міндетті айтатын боламыз. Білікті балалар дәрігері әрі реабилитолог Латиф Парпиевке ең әуелі мықты денсаулық, барлық жақсылықты және әрдайым еткен еңбегінің жемісін көруін тілеймін, — дейді анасы.

Алижанның анасы церебралды сал ауруы бар балаларға қоғамның түсіністік танытқанын қалайды.

— Бізге, яғни «ерекше балалардың» ата-анасына қарапайым балалар жасай алатын дүниелерді орындай алмай жатқанын көру өте ауыр. Кей уақытта оның болашағы үшін қорқыныш, үрей бойды билейді. Өзге балалар секілді емін-еркін доп қуалайтын, ойын ойнайтын уақытта ол керісінше аурухана, медициналық орталықтардың есігін тоздырып, оңалту шараларынан өтіп жүр. Ұлым екеуімізді алда қандай болашақ күтіп тұрғанын білмеймін. Бірақ біз қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, — дейді Ельдана Исентаева.

Бастысы ол баласына, дәрігерлерге деген сенімді жоғалтпау қажет екендігін айтады.

— Ең әуелі отбасым үлкен қолдау көрсетіп отырды. Сондай-ақ баламды емдеген дәрігерлерге алғыс айтамын. Әсіресе балалар дәрігері әрі реабилитологы Латиф Дауранұлы да қолдау көрсетіп тұрды. Бұлардың барлығы ата-анаға үлкен көмек деуге болады. Өйткені олар баласын ойлаған ата-анаға алға жылжуға күш сыйлайды, — деді Ельдана Исентаева.

 

 

 

 

 

Источник: el.kz

0
Tags :
No More Posts
Контакты диспетчерских служб инватакси

г.Астана +7 (7172) 48-19-16, пр.Аблайхана 43/1

г.Алматы +7 (7273) 46-62-22, ул.Валиханова 115

г.Атырау +7 (7122) 36-68-42

г.Актобе +7 (7132) 77-65-65 ул.Маресьева 4, «3»

г.Актау +7 (7213) 42-94-51

г.Жезказган +7 (7102) 77-30-80

г,Караганда  +7(7212) 33 07 54+7(7212) 56 54 86 , +7(7212) 51 78 18

г.Кокшетау +7 (7162) 76-16-00, ул.Пушкина 11 «А»

г.Костанай +7 (7142) 50-33-49, ул.Павлова 65

г.Кызылорда +7 (7242) 27-81-49

г.Петропавловск + 7 (7152) 39-76-87, +7( 7132) 46-11-50

г.Семей +7 (7222) 77-42-89

г.Талдыкорган + 7 (7282) 24-34-63

г.Тараз +7 (7262) 43-57-69

г.Туркестан + 7 (725 33) 7-25-41

г.Темиртау + 7(7213) 91-45-42, +7(7213 )91-45-43

г.Усть-Каменогорск +7 (7232) 61-26-40, Сатпаева проспект 36
КШТ микрорайон

г.Уральск +7 (7112) 50-05-06

г.Шымкент +7 (7252) 43-36-77, +7(7252) 43-32-30, +7(7252) 28-38-98 (социальное такси)

г.Экибастуз +7 (7187) 22 12 89, +7(7178)75-47-85

×