Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында елордада жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін өтеусіз гранттар бөлінуде. Елордада 19 қыркүйекте грантқа құжаттар қабылдау басталады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Төртінші лек бойынша 340 өтінішті қабылдау жоспарлануда, оның ішінде 224-і жастарға және 116-сы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының қалған санаттарына. Өтініштер Business.enbek.kz порталы арқылы онлайн режимінде кезең-кезеңімен қабылданады.
Биылғы жылы гранттар халықтың мақсатты топтарына ғана беріледі:
— 29 жасқа дейінгі жастар;
— атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
— көп балалы отбасы мүшелері — көп балалы отбасыларға жәрдемақы алушы және (немесе) оның жұбайы (зайыбы);
— асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақы алушылар;
— қоныс аударушылар, кандастар;
— еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар жандар;
— асыраушысынан айырылған адамдар — асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушы;
— мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) және (немесе) оның жұбайын (зайыбын) тәрбиелеп отырған адамдар.
Биылғы жылы өтініштер 4 ағым бойынша кезең-кезеңімен қабылданады. I ағын (1-14 сәуір 2022 ж.), II ағын (8-19 тамыз 2022 ж.), III ағын (29 тамыз – 9 қыркүйек 2022 ж.), IV ағын (19 қыркүйек – 30 қыркүйек 2022 ж.).
Қосымша ақпарат алу үшін мына мекенжайға хабарласыңыз: Бейбітшілік көшесі, 9. тел.: 24-94-72, 8-700-956-98-10.