Қызылорда қаласының Жұмыспен қамту орталығы ғимаратының жанында бір-бірін тапап кетердей қаптаған адамдар видеосы желіде таралды. Видеода адамдардың мемлекеттік мекемеге кіруге жанталасып жатқандығы көрсетілген. Олардың кейбіреулерінің тіпті ғимаратқа терезеден кіріп-шығып жатқандарын көруге болады. Мекеме ішінде де осындай көп адамдар кезегі жиналған. Мұндай бұрын-соңды болмаған жағдай «Бастау Бизнес» бағдарламасына өтінімдер қабылдауға байланысты орын алғаны мәлім болды. Бүгінгі таңда жобаға қатысуға жолдама беру басталған. Құжат жұмыссыздардың мәртебесін растау үшін қажет. Бұл қызмет түрін жұмыссыздар онлайн түрде ала алмайды. Құжатты алу үшін міндетті түрде жұмыссыз өзі баруы тиіс.
Нариман Әбілшайықов, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары:
— Жолдама жұмыспен қамту орталықтарында қағаз түрінде беріледі. Сондықтан осындай құжатты алу үшін орталықтарда адамдардың жаппай жиналатыны түсінікті жағдай. Барлығы бірден осы жолдаманы алуға асығады. Осы бағдарламаға әсіресе оңтүстік өңірлерден жоғары қызығушылық болатынын ескере отырып, біз ағымдағы жылы оқыту қажеттілігін 30-дан 40 мың адамға дейін арттыру туралы бастамамен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өтініш білдірдік.
Источник: Хабар 24