Тұрғын үй кезегінде тұрған мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарына қатысты жаңа норма енгізіледі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов айтты.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың кейбір санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. «Құжатта мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға кәмелетке толғанға дейін кезектегідей құқықты сақтау қарастырылған. Шын мәнінде, мұндай отбасылар 10 жылға дейін баспана кезегінде тұрады. Егер бала 18 жасқа дейін баспана алмаса, онда мүгедектігі бар жан кезекке қайта тұруы керек. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасының баспана кезегін сақтауға мүмкіндік береді», — деп қосты Серік Шапкенов.