2 жасар ақтөбелік қыздың анасы қызының физиологиялық сарғаю диагнозын кеш анықтаған дәрігерлерді қызының алған мүгедектігі үшін айыптайды, бірақ осы екі жыл ішінде іс қозғалмаған.
«Астана» телеарнасы хабарлағандай, баланың анасының айтуынша дәрігерлер оның 15 жыл күткен қызының бойындағы физиологиялық сарғаюды байқамаған.
Ауруханадан шыққаннан кейін көп ұзамай нәресте сарғайып, ата-анасы үрейленіп, жергілікті педиатрға жүгінеді. Дәрігер өз кезегінде баланың билирубин деңгейін өлшемей, тек ауызша ұсыныстар берген. Ауруханаға түскен кезде оның қанындағы билирубин мөлшері нормадан 5 есе асып кеткен.
«Біз қалалық балалар ауруханасына барған кезде, қабылдау бөлмесінде бізге билирубин тестін көрсетті, нәтижесі 1130 болды. Мейірбике мен дәрігер Ахтанова билирубинді уақытында өлшеген жоқ, оның көрсеткішіне мән бермеді» дейді Раушан Мұстафаева.
Осының салдарынан ауру ауыр асқынулар тудырып, нәресте церебралды параличпен үш ай ауырып, мүгедектік алған.
Раушан Мұстафаева полицияға арыз жазып, учаскелік педиатрды жауапқа тартуды талап еткен, бірақ содан бері оның ісін тергеуде ешқандай өзгеріс болмаған.
«Біз 4 сот-медициналық сараптама жасадық, 3-уі осы тұрғылықты жерде жүргізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес баланың шынымен зардап шеккені, 75% еңбекке жарамсыздығы, денсаулығына ауыр зиян келтіргені анықталды. Ал іс қозғалмаған. Мен шағым жазамын, іс ашылады. Бізге азаматтық тәртіпте тергеуге беру ұсынылады. Бірақ біздегі бап 317-баптың 2-тармағы болуы тиіс. Себебі денсаулыққа ауыр зиян келтірілді», — дейді Раушан Мұстафаева.
Денсаулық сақтау басқармасы жағдайға түсініктеме берді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Раушан Мұстафаеваның жаңа туған нәрестесіне қатысты болған оқиғадан кейін №2 қалалық емханада қызметтік тергеу жүргізілгенін хабарлады. Тексеру нәтижесінде дәрігерлік амбулатория басшысына сөгіс жарияланды, учаскелік дәрігер жұмыстан шығарылған. «Учаскелік дәрігер салғырттық танытқан. Нәрестенің сарғаюын дер кезінде байқамаған. Учаскелік дәрігер жұмыстан шығарылды», — деді Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Айгүл Куштаева.
Полиция 2019 жылы ашылған іс кейін неліктен жабылды деген сұраққа жауап беруге уәде берді. Соған қарамастан мүгедектік алған сәби отбасы бұл істі сотқа жеткізіп, барлық дәрігерлер жазасын алады деп үміттенеді.