Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған «30 игі іс» акциясы аясында «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық балалар қозғалысының облыстық қоғамдық ұйымы астаналық филиалының тәрбиеленушілері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен «Астана жастары» орталығымен бірлесе отырып көп балалы отбасыларға азық-түлік себеттерін таратты деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Біз әкімдік тарапынан көрсетілетін көмекті үнемі көріп келеміз. Бүгін бұл көмек бізге де жетті. Мен барлық еріктілерге, әкімдік өкілдеріне, жас сарбаз жастардың әскери патриоттық қозғалысының демеушілері мен балаларына ризашылығымды білдіргім келеді. Барлығына сәттілік тілеймін!», — деді көпбалалы әке Мамыр Қасымов көмек үшін алғысын білдіріп.
Азық-түлік себеттерін тарату акциясы жалғасады деп жоспарлануда, «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері басқа да қайырымдылық шараларына белсенді қатысады.
«Бұл акция барысында біз әрқашан Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, сонымен қатар пандемия кезінде, қарттар үйі мен балалар үйінде тынымсыз еңбек еткен дәрігерлерге, ауған сарбаздарына, әскери дәрігерлерге көмек көрсетеміз.
Бүгінде «Жас сарбаз» тәрбиеленушілерінің саны артып келеді және олар қайырымдылық көмек көрсетуге үлкен қызығушылық танытып отыр»,-деді «Жас Сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалыс астаналық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.
Айта кету керек, елордада 2021 жыл «Қайырымды істер» ұранымен өтуде. Осы уақыт ішінде көмекке мұқтаж қала тұрғындарына қажетті өнімдері бар 10 мыңнан астам азық-түлік себеттері жеткізілді. Қолдау мен атаулы көмек ондаған мың адамға жетті.