Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына айтарлықтай өзгерістер енгізілді, атап айтқанда, өту мерзімі мен жалақысы артты. Елордалық халықты жұмыспен қамту орталығында жобаға қатысу шарттары мен оның тиімділігі туралы еске салды.
Жастар практикасы алған мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері қатарындағы жұмыссыздарға арнайы арналған. Практикадан өтуге алдыңғы үш жыл ішінде оқуын аяқтаған 29 жасқа дейінгі жастар жіберіледі.
«Жастар тәжірибесі барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады. Бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам жұмыс істейтін жұмыс берушілер қатысуға жіберіледі. Кезекті қаржы жылына жастар практикасын ұйымдастыру үшін құрылатын уақытша жұмыс орындарының саны мүгедектігі бар адамдар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар, пробация қызметінде тұрған адамдар үшін құрылатын жұмыс орындарын қоспағанда, қызметкерлердің тізімдік санынан 20% — дан аспайды», — деп хабарлады елорданың халықты жұмыспен қамту орталығында.
Жұмыс беруші электрондық еңбек биржасындағы «жеке кабинет» арқылы Жұмыспен қамту орталығына ағымдағы қаржы жылының 1 қарашасына дейінгі мерзімде кезекті қаржы жылына жастар практикасын ұйымдастыруға электрондық өтінім береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Нұр-Сұлтанда ағымдағы жылы «Жастар тәжірибесі» жобасы аясында қатысушылардың еңбекақысы 35 АЕК-тен(102 мың теңге) 40 АЕК-ке(122 мың теңге) дейін ұлғаяды. Сондай — ақ, өту мерзімі екі есе ұзартылады-6 айдан 1 жылға дейін.
Бағдарламаға қатысу үшін жұмыспен қамту орталығына нысан бойынша өтініш пен келесі құжаттар тізімін ұсыну қажет:
1) жеке басын куәландыратын құжат;
2) еңбек қызметін растайтын құжаттар (бар болса);
3) Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуын растайтын құжат.
Жұмыс беруші жұмыссызға кәсіби білімі мен жұмыс тәжірибесін беру үшін тәжірибелі қызметкерлер қатарынан тәлімгерді бекітеді.
Жастар практикасынан өту кезеңі еңбек өтіліне есептеледі.
«Егер жобаның тиімділігі туралы айтатын болсақ, 2021 жылдың қорытындысы бойынша жастар практикасымен 914 түлек қамтылды (ЖОО түлектері — 750 адам, колледждер — 164 адам), оның ішінде 284 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.
2022 жылы жастар практикасына 998 адамды жіберу жоспарланған. Бүгінгі таңда 124 адам жастар практикасынан өтуде.