2022 жылдың 20 маусымы мен 19 шілдесі аралығында «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға өтінімдер otbasybank.kz платформасында қабылданады.
Бұл бағдарламаға келесі санаттар бойынша әкімдікте кезекте тұрғандар қатыса алады:
көп балалы отбасы;
мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы;
толық емес отбасы (неке бұзылған сәттен бастап кемінде 3 жыл өтуі керек).
«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушылар үшін несие сомасынан 10% бастапқы жарнамен жылдық 2% мөлшерлемемен несие беріледі. Несие мерзімі 20 жылға дейін.
«Бақытты отбасы» бағдарламасының көмегімен жергілікті әкімдіктер арқылы салынған несиелік тұрғын үйді немесе үміткердің таңдауы бойынша (бастапқы, орта) кез келген басқа тұрғын үйді сатып алуға болады.
Несиенің ең жоғары сомасы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және олардың қала маңындағы аудандарында, Шымкент, Ақтау, Атырауда 15 миллион теңгеге дейін және басқа өңірлерде 10 миллион теңгеге дейін болады. Жылжымайтын мүлік қарыз алушы тұрғын үй кезегінде тұрған өңірде сатып алынуға тиіс.