Ағымдағы жылдың басынан бері Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – портал) арқылы 304,3 мыңға жуық мүгедектігі бар жандар техникалық оңалту құралдарын, 7,2 мың адам ымдау тілі қызметтерін, 26,9 мың адам жеке көмекшінің қызметтерін алды. Сондай-ақ, Портал арқылы кепілдендірілген әлеуметтік пакеттерге 105 000 тапсырыс берілді.
Портал мүгедектігі бар жандарға техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып, растау арқылы көмек түріне тапсырыс беруге болады. Тапсырыс берген техникалық оңалту құралдарын жеткізу немесе алып кету арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар жандарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мыналарды қамтиды: протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдармен, сондай-ақ мүгедектігі бар жандар арбаларымен қамтамасыз ету.
Бүгінгі таңда порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 827 медициналық-әлеуметтік мекеме (бөлімше), 287 техникалық оңалту құралдары провайдері, 25 000-нан астам жеке көмекші қызмет көрсетуші, 649 ымдау тілі провайдерлері, 93 санаторий-курорттық емделушілер және 69 кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер провайдерлері тіркелген.
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі ұлттық жоспардың шеңберінде «Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу қарастырылған.
Порталды пайдалану бойынша кеңестерді қолдау қызметінің байланыс орталығынан алуға болады, оған 1414 бірыңғай нөмірі арқылы, тілді таңдап, 5 санын басу арқылы қол жеткізуге болады.