«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру туралы» Заңы жарияланды.
Заңда жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдерінің үш түрі қарастырылған: соттан тыс банкроттық, соттық банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Барлық үш рәсімді борышкердің өзі ғана бастайды, несие берушінің борышкерге қатысты аталған процедураларды қолдануға құқығы жоқ.
Соттан тыс банкроттық 1600 АЕК-тен (5,5 млн. теңге) аспайтын банктерге, коллекторлық агенттіктерге берешек бойынша ғана қолданылуы мүмкін. Рәсімді бастау үшін борышкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы тиісті өтініш береді.
1600 АЕК-тен астам борыштар бойынша және борыштардың қалған түрлері бойынша Қазақстандықтар сот банкроттығын қолдана алады. Өтініш борышкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі. Іс қозғалған күннен бастап борыштық міндеттемелер мерзімі өтті деп есептеледі, өсімпұл (тұрақсыздық айыбын, айыппұлды) есептеу тоқтатылады, ал борышкерге өзіне жаңа ақшалай немесе мүліктік міндеттемелер қабылдауға тыйым салынады, ҚР шегінен тыс жерлерге шығуға тыйым салынады, борышкердің мүлкіне қатысты соттардың бұрын қабылданған шешімдерін орындау тоқтатылады.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тұрақты кіріс болған жағдайда қарыздарды (5 жылға дейін) төлеу бойынша бөліп төлеу жоспарын сот тәртібімен алу мүмкіндігін қарастырады. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі.
Банкроттық танылғаннан кейін азаматтар:
ломбардтардан микрокредиттер алуды қоспағанда, 5 жылға қарыздар мен несиелер алу шектелетін болады;
олар 7 жылдан кейін ғана екінші рәсімге өтініш бере алады;
сонымен қатар олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін 3 жыл бойы бақыланады.
Сонымен қатар, бірқатар заңнамалық актілерге ілеспе өзгерістер мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттықты қалпына келтіру мәселелері бойынша түзетулер қабылданды.
Мысалы, мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік туралы мәліметтерді, оның мөлшерін, орналасқан жерін не мүлік туралы өзге ақпаратты жасырғаны, мүлікті өзге иеленуге бергені, мүлікті иеліктен шығарғаны немесе жойғаны, сол сияқты құқық белгілейтін құжаттарды жасырғаны, жойғаны, бұрмалағаны үшін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот банкроттығы рәсімінде 100 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген (345 000 теңге).
«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру туралы» заңға және оған қатысты түзетулерге мемлекет басшысы 2022 жылғы 30 желтоқсанда қол қойды.