Қазақстанның ұлттық спорт түрлерінің тарихында алғаш рет протездер бойынша паралимпиадалық жүгіру командасы құрылды. Бұрын ұлттық құрамалардың құрамында 70-ке жуық параатлеттер болса, олардың санаулысында ғана арнайы спорттық және жүгіру протездері болған. Себебі бұл протездер өте қымбат. Сондықтан бұл спорт түрінен еліміз халықаралық аренаға шыға алмады. Енді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының жүзеге асырып отырған жобасының арқасында жағдай өзгереді, дейді «Хабар 24» арнасының тілшісі Григорий Беденко.
Бүгін Алматыда салтанатты түрде негізгі паралимпиадалық жарыстардың бірі – протездермен жүгіру бойынша алғашқы қазақстандық құраманың тұсауы кесілді. Команда құрамында Қазақстанның әр өңірінен жиналған 10 шақты жігіт пен қыздар бар. Алдағы уақытта олар халықаралық спорт алаңында атақты жүгіруші-параатлетші Генрих Поповтың жетекшілігімен ұзақ жаттығулар өткізбекші. Генрих Попов — осы спорт түрі бойынша әлем чемпионы және бүгінде Германияның Паралимпиада құрамасының намысын қорғайды. Генрих Қазақстанның тумасы. Ол сонау 2016 жылдары елімізде протездермен жүгіру спортын дамытуды ұсынған, бірақ басты кедергі осы техникалық құралдардың өте қымбаттығы болған еді.
Эльмира Әлиева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі:
— Біздің қор жалпы сомасы 113 миллион теңгеден астам болған 10 параспортшыға арналған протездерді шығаруды толық қаржыландырды. Бұл протездердің ерекшелігі – спортшылар ауысқан жағдайда протездерді басқа спортшылар да пайдалана алады. Сонымен қатар ауыстырылатын бөлшектерді таңдауға болады және сәйкесінше бұл протез бір ғана емес, бірнеше параатлетке қызмет ете алады.
Германиялық Otto bock компаниясы шығаратын осындай бір протезі 8 миллион теңге тұрады. Мұндай жоғары баға бөлшектердің қымбат болуына байланысты. Мұнда әсіресе күшті вольфрам қорытпалары мен көміртегі негізіндегі композиттік материалдар қолданылады. Мұндай протез үлкен жүктемелерге төтеп бере алады. Сонымен қатар әрбір өнім адамның жеке ерекшеліктерін ескере отырып, жеке дизайнмен жасалған.
Әділет Сейітжаппар, паралимпиадалық спортшы:
— Бала күнімнен жүгірген емеспін. Мен қалай дұрыс жүгіру керектігін, қалай дұрыс қозғалу керектігін де білмеймін. Жүгіру протезін алдым. Енді дұрыс жүгіруді үйреніп жатырмын. Бастамасы жаман емес.
Жаңа паралимпиада құрамасына іріктеу бүкіл ел бойынша өтті. Бастапқыда 30 үміткер іріктеліп алынды, бірақ олардың 10-ы ғана жаттығуға жарамды деп танылды. Ұлттық паралимпиада комитеті мамандарының айтуынша, тіпті арнайы жасалған протездің өзі ампутацияланған адамның жүгіре алатынына кепілдік бермейді. Сонымен қатар протездерді өндіруші компанияның да өз талаптары бар.
Ерлан Сүлейменов, ҚР Ұлттық Паралимпиада комитетінің Бас хатшысы:
– Қазақстанда спортшылар өте көп, жалпы 700 000 — нан астам мүгедектігі бар спортшы бар. Спортпен тұрақты түрде немесе тұрақты емес айналысатын 30 мыңға жуық мүгедектігі бар спортшылар бар. Қазақстанның Паралимпиадалық құрамасында 600 жүзден астам адам бар, оның ішінде штатта 100-ден астам адам бар. Қазақстанда бүгінде паралимпиадалық спорттың 16 түрі де дамып келеді.
Ерлан Сүлейменов атап өткендей, соңғы кездері мүгедектігі бар жандардың паралимпиадалық спортқа деген қызығушылығы артып келеді. Жерлестерімізге байыпты материалдық қолдау көрсетіп отырған, оларды қолдауға дайын мемлекет те, түрлі қоғамдық ұйымдар да бар екені қуантады.