Батыс Қазақстан облысында халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балалардың барлық санаттары үшін балалардың жазғы лагерьлеріндегі жәрдемақы 50 пайызға дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында облыстағы барлық ақылы лагерьлерде жеңілдік режимінің жоқтығын анықтады.
Сонымен бірге «Білім туралы» Заңға сәйкес, мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың білім алу кезеңіндегі шығындарын ішінара немесе толық өтейді.
Қазіргі таңда облыста осы санаттағы балалардың саны 12627 болса, оның ішінде 1355 бала қосымша білім беру ұйымдарында оқиды.
Лагерьлерде 50% жеңілдікті қолдану туралы толық ақпаратты («Евразия» туристік-сауықтыру кешені, «Самал» туристік лагері, «Дарын» қосымша білім беру орталығы, «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы) БҚО білім басқармасына хабарласу арқылы алуға болады.