Астанада «Жастар» сарайында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Осымен алтыншы рет ұйымдастырылған ауқымды жәрмеңкеде жұмыс табамын деген жұрт алдын ала жиналды.
Шараға барлығы 45 жұмыс беруші қатысып, 750-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды.
Еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Олжас Омардың айтуынша, жыл соңына дейін тағы 3 жәрмеңке өткізу жоспарланған.
«Бүгін бізде бос орындар жәрмеңкесіне 45 жұмыс беруші қатысуда. Жұмыс іздеп жүргендер үшін түрлі салада бос жұмыс орындары бар.
Атап айтқанда, білім беру, қызмет көрсету, қаржы, әуежай сияқты мамандықтар болды. Әртүрлі құрылыс және өндірістік нысандар да бар», – дейді Орталық директоры.
«Жастар» сарайында өткен жәрмеңкеде жұмыс берушілер әр үміткермен жеке әңгімелесіп, түйіндемелерді қабылдап, бос жұмыс орындарына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Мәселен, «Астана-Тазалық» ЖШС ұсынған бос жұмыс орындары көпшілікті қызықтырды. Аталған кәсіпорынның кадр бөлімінің маманы Жұпар Дауылбаеваның айтуынша, бүгінде бұл мекемеде 15 бос жұмыс орны бар.
«Біз әрқашан бос орындар жәрмеңкесіне келеміз. Кәсіпорынға жүк көлігі жүргізушілері, механизаторлар, трактор жүргізушілері қажет.
Әсіресе көше бойындағы көшеттерді суаратын көліктерге жүргізуші қажет. Негізгі талап — жүргізуші куәлігінде барлық санаттар болуы. Қазіргі уақытта 10 жүк көлігінің жүргізушісі және 5 механизатор орны бар. Кәсіпорын жалақыны уақытылы төлейді, жеңілдіктер қарастырылған», – дейді Жұпар Дауылбаева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Еңбек ұтқырлық орталығында» 9 мыңға жуық азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Олардың тең жартысы түрлі мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен, яғни уақытша жұмыс орындарымен қамтылған.