Қазақстанның оңтүстігінде «Самұрық-Қазына» қоры ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған төрт оңалту орталығын іске қосты. Оның бірі Сарыағаш қаласында болса, қалғаны Жамбыл облысында пайда болды. Атап айтқанда, Таразда ерте араласу орталығы мен аутизммен ауыратын балаларға арналған орталық жұмыс істей бастады. Шу қаласының кішкентай тұрғындары да өңірден шықпай-ақ оңалту қызметін ала алады. Мекемелердің ашылуы Халықаралық ерекше қажеттіліктері бар адамдар күніне орайластырылды.
Гүлсін Манарханованың немересі әлі сөйлемейді. Әйел бұған дейін баланы сауықтыру үшін басқа қалаларға Меркіден ұзақ қашықтыққа апарғанын айтады. Енді Таразда аутизммен ауыратын балаларға арналған орталық пайда болды.
Гүлсін Манарханова, Мерке ауданының тұрғыны:
— Балалар бұл орталыққа барғанды жақсы көреді. Оқу кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Осындай орталық ашқан «Самұрық-Қазына» қорына мың алғыс.
Сабақтар жеке бағдарламалар бойынша өткізіледі. Ава-, эрго-, кинезиотерапия, адаптивті және физиотерапия сабақтары қарастырылған. Аутизммен ауыратын балаларға арналған орталық 125 адамға арналған. Олардың денсаулығын жақсартуға, қоғамға әлеуметтенуіне барлық жағдай жасалған.
Рашида Кәрімова, Аутизмі бар балаларды қолдау орталығының директоры:
– Сондай-ақ, жаңа роботты терапия кабинеті де бар. Робот қалай сөйлеу керектігін көрсетеді. Сөз тазалығы, дыбыс тазалығы.
Соңғы 3 жылда «Самұрық-Қазына» қоры аутизмі бар және ерте араласуды қажет ететін балаларға арналған 30-дан астам оңалту орталығын ашты. Еліміз бойынша ерекше қажеттіліктері бар 30 мың бала оларға тегін келеді.
Ғибрат Ауғанов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры:
– Қазірдің өзінде біраз нәтижелер бар. 2 мыңнан астам бала алғашқы қадамдарын жасап, 3 мыңнан астамы сөйлей бастады, яғни сөйлеу қабілеттері жақсарып, балалардың біразы қарапайым мектепке барады. Біздің басты мақсатымыз – қоғамымыздың ерекше балаларды қабылдауы.
«Самұрық-Қазына» қоры жоқ өңірлерде тағы 10 оңалту орталығын ашуды жоспарлап отыр.