Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіп үлгісі» ауқымды экологиялық акция аясында елордалық мәслихат депутаттары, Сарыарқа ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен еріктілері «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының аумағына ағаш көшеттерін отырғызды.
Орталық аумағында 50-ден астам қылқан жапырақты, қайың және қарағай көшеттері отырғызылды.
Мәслихат депутаты Ерлан Дәкенов көгалдандыру жұмысына қатысып, экоакцияға белсенді атсалысу әрібір азаматтың парызы екенін атап өтті.
«Бүгін мәслихат депутаттары «Шарапат» әлеуметтік орталығына абаттандыруға үлес қосу үшін келді. Бұл бірінші рет емес, яғни сәуір айының басынан бері қаламыздың бірнеше аудандарында өткен экоакцияға қатыстық. Біздің қаламыздың гүлденуі үшін көгалдандыру қажет. Сондықтан мұндай табиғатты қорғау жұмыстарына белсене атсалысу маңызды», – деді Ерлан Дәкенов.
Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Ардақ Сейітованың айтуынша, бұған дейін орталық аумағында 500 түп ағаш отырғызылған.
«Орталық аумағында Ардагерлер аллеясы бар. Біз экоакцияларды жиі өткіземіз. Орталықта қызмет алушылардың басым көпшілігі егде жастағы адамдар болғандықтан, қала мекемелерінің барлық қызметкерлері көмектеседі», — деді орталық директоры.
Сондай-ақ әлеуметтік орталықта Жеңіс күні қарсаңында облыстағы мәдениет мекемелерінің ұйымдастыруымен мерекелік концерт өтті.
Ағымдағы апталық «Өнегелі ұрпақ» деп аталады және ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалау және абаттандыруға арналған.
Ауқымды экологиялық науқан аясында қаланы, нөсер және арық кәріз желілерін санитарлық тазалау, көшелерді, жаяу жүргіншілер жолын, орамішілік аумақтарды, қоғамдық орындар мен аулаларды тазалау жұмыстары да жүргізілуде.
Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және көгалдандыру, сауда нысандарына жақын аумақтарды тазалау, көгалдар мен гүлзарларды ретке келтіру, рұқсат етілмеген қоқыстарды жою және т.б. жұмыстар жүргізілуде.