«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіп үлгісі» кең ауқымды экологиялық акция аясында «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы аумағындағы ағаш көшеттерін мекеме қызметкерлері, Алматы облысы әкімдігі, «Жас сарбаз» қозғалысының студенттері, жастар ұйымдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен еріктілер отырғызды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Орталық аумағына 40-қа жуық алма ағашы отырғызылды. «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Нұрбол Зұлқарнаев әрбір азамат қаланың дамуына үлес қосуға міндетті екенін атап өтті.
«Бүгінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Нұрлы жүрек» орталығының аумағында 40 түп алма ағашы отырғызылуда. Біздің орталықта 271 балаға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілсе, болашақта олардың жеке алма бағы болады деп сенеміз. Біз әр бейсенбіде қосымша экоакция жасаймыз және балаларды қуанту үшін аумақты тазалаймыз. Әрқайсымызда азаматтық сана болуы тиіс. Тазалықты сақтап, қаланы ретке келтіру керек», – дейді Нұрбол Зұлқарнаев.
Айта кетейік, биылғы апталық «Өнегелі ұрпақ» деп аталады және ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазарту мен абаттандыруға арналған.
«Өнегелі ұрпақ» эко-апталығы аясында 4 мектептің аумағында, сондай-ақ «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ағаш отырғызуды ұйымдастырдық. Сонымен, барлық шараға қатысушылардың қатысуымен орталықтың өз аумағына 40-қа жуық ағаш отырғыздық. Тағы бір айта кетерлігі, басқа мектептердің аумағына да алма ағаштары мен қарапайым көшеттерді отырғызу жоспарлануда», — деді Астана әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының ресми өкілі Әлібек Жүсіпов.
Шараға қатысушылар алдымен аула ішіндегі қоқыстарды шығарып, аумақты сыпырып, ағаш отырғызуға қажетті құралдарды дайындады.
«Біз «Жас сарбаз» қозғалысының студенттерімен бірге «Таза Қазақстан» экоакциясына, яғни ағаш отырғызуға қатыстық. Науқан қажет екенін атап өткім келеді және төрт апта бойы біз қаланы ретке келтіріп келеміз. Акцияның тәрбиелік мәні бар, жастарды дұрыс әрекетке бағыттайды», — дейді «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының жетекшісі Ботагөз Сұлтанова.
Акцияға қатысушы «Жас сарбаз» тобының студенті Альбина Қайроллаева өз пікірімен бөлісті.
«Біз балаларды қолдауға арналған экоакцияға және «Таза Қазақстан» бастамасына қатысып жатырмыз. Қаланы тазарту арқылы денсаулығымызды жақсартуға көмектесеміз деп ойлаймын. Сондықтан халыққа қызмет көрсету орталықтарының аумағында сенбіліктерді ұйымдастыру ерекше маңызды», – дейді Альбина Қайроллаева.
Естеріңізге сала кетейік, елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіп үлгісі» атты ауқымды экологиялық акция өтіп жатыр.
Ауқымды экологиялық науқан аясында қаланы, нөсер және арық кәріз желілерін санитарлық тазалау, көшелерді, жаяу жүргіншілер жолын, орамішілік аумақтарды, қоғамдық орындар мен аулаларды тазалау жұмыстары да жүргізілуде.
Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және көгалдандыру, сауда нысандарына жақын аумақтарды тазалау, көгалдар мен гүлзарларды ретке келтіру, рұқсат етілмеген қоқыстарды жою және т.б. жұмыстар жүргізілуде.