Игі істер марафоны: Астанада қазақстандық фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылды
«Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы «Нұрлы жүрек» балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін «НВП Ағай» фильмінің көрсетілімін өткізді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Фильмнің көрсетілімі елордадағы сауда және ойын-сауық орталықтарының бірінде ұйымдастырылды. Акция елордада жыл басынан бері жүзеге асырылып келе жатқан Игі істер марафоны аясында өтуде.
«Жас сарбаз» Астана филиалы төрағасының орынбасары Айдархан Маханбет атап өткендей, іс-шара армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орайластырылған.
«Сағадат Нұрмағамбетов – көрнекті қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы. Ол Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армияның тұңғыш генералы болды және республикамыздың Қарулы Күштерінің қалыптасуына орасан зор үлес қосты. Оны еске алу мақсатында, сондай-ақ жастарды патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында шара өткізіп жатырмыз», – дейді Айдархан Маханбет.
Естеріңізге сала кетейік, Елордада Игі істер марафоны жалғасуда. Акцияның басты мақсаты – еріктілер мен барлық тұрғындарға мұқтаж азаматтарға мүмкіндігінше көмектесу мүмкіндігін беру.