Қазақстанда медициналық, әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік-ағарту және оңалту мекемелері жоқ жабық әскери лагерьлерде 74 мүгедектігі бар бала тұрады, деп хабарлады бас әскери прокуратураның баспасөз қызметі.
«Талдау көрсеткендей, түрлі аурулар бойынша мүгедектігі бар 74 бала әскери қызметшілердің ата-аналарымен бірге медициналық-әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік – білім беру және оңалту мекемелері жоқ Аягөз, Сарыөзек, гвардиялық гарнизондардың жабық және оқшауланған әскери қалашықтарында тұрады», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, бұл отбасылар заңда қарастырылған қосымша тұрғын үй алаңымен қамтамасыз етілмеген. Олардың құқықтарын қорғау мақсатында Қорғаныс министрлігіне заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді.
«Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша әскери ведомство мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған әскери қызметшілерді қажетті жағдайлары бар облыс орталықтарына ротациялау мәселесін пысықтауда. Сонымен қатар, Аягөз гарнизонында мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған үш отбасына тиісті алаңы бар пәтерлер берілді», — деп хабарлады прокуратура.