«City Transportation Systems» ЖШС «Астана қаласының қоғамдық көліктеріндегі бейне талдау жүйесі» инновациялық жобасын іске қосуда.
Жобаның мақсаты — жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту, билетсіздер санын азайту және қоғамдық көліктердегі қауіпсіздікті арттыру.
Жобаның пилоттық кезеңі аясында 2 мамырда №24 маршруттың бір автобусында нақты уақыт режимінде деректерді талдауға мүмкіндік беретін камералар, роутерлер және борттық компьютер орнатылған. Әр есікке қарама-қарсы орналасқан камералар кірген жолаушылардың санын есептеп, төлем туралы мәліметтерді салыстырады. Бұл билетсіз жолаушылар санын, маршруттың уақыты мен учаскелерін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ нақты уақыттағы ақпарат CTS көліктік бақылау департаментіне түседі.
Бейнебақылау пилоттық жобасы іске қосылғаннан бері жүйе бір автобуста билетсіз жүрудің 2 мыңнан астам жағдайын анықтады. Бұл пилоттық жоба болғандықтан жолаушыларға айыппұл салынбаған.
CTS жобаның толық іске қосылуы мен іске асырылу барысы туралы қосымша хабарлайтын болады.