Биыл «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнай өндіруші компаниясының қаражатына жаңаөзендік паралимпиадашылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Алға» жаңа спорт клубы ашылды.
Жаңа спорт орталығы заманауи құрал-жабдықтармен, мүгедектігі бар азаматтар мен тірек-қимыл аппаратында ақауы бар адамдарға арналған тренажерлармен жабдықталған, лифттер мен пандустар орнатылған. Бұл серіктестіктің демеушілігімен салынып, пайдалануға берілген қаладағы екінші спорт нысаны.
Сондай-ақ компания спорт клубының қажеттіліктері мен спортшылардың жайлы қозғалысы үшін шағын автобус сыйлады. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен оның еншілес кәсіпорны «Өзенмұнайгаз» көптен бері «Алға» клубына қолдау көрсетіп, спорттық құрал-жабдықтарды сатып алып, жарыстарға дайындалуға жағдай жасап келеді.
Бүгінде клубтың құрамында 100-ге жуық бірегей спортшылар бар. Олардың арасында республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпиондары бар. Сонымен қатар клуб спортшылары 2024 жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама алды.
«Алға» спорт клубын 1993 жылы Амантұрлы Қылышбаев құрған. Клубтың қазіргі жетекшісі Құралбек Сейітов. Клубта отырып ойнайтын волейбол, бочча, тоғыз құмалақ, армрестлинг, футбол, жеңіл атлетика, теннис және жүзу сынды 17 секция бар.