ҚР Оқу-ағарту министрлігі бүгін, 2024 жылғы 2 тамызда баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдау үшін қандай құжаттар қажет екенін азаматтардың естеріне салды.
Мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау үшін қазақстандық ата-аналарға келесі құжаттар қажет:
қабылдауға жолдама;
өтініш;
көрсетілетін қызметті алушының (ата-анасының біреуінің немесе заңды өкілінің) жеке басын куәландыратын құжат немесе электрондық құжат қызметінен алынған цифрлық құжат;
баланың туу туралы куәлігі немесе электрондық құжат қызметінің цифрлық құжаты;
профилактикалық егу картасы № 065/е нысаны;
бала денсаулығы паспорты № 052-2/у нысаны;
№ 027/у нысанындағы куәлік;
психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы (мүмкіндігі шектеулі балалар үшін).
«Мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау жыл бойы жүзеге асырылады. Астана мен Алматыда, Ақтөбе, Қостанай облыстарында балаларды мектепке шығаруды ескере отырып, мектепке дейінгі ұйымдарды жасақтау аяқталды. Қалған аймақтарда бұл жұмыс тамыз айының соңына дейін жалғасады». ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
Кезекке қою, құжаттарды қабылдау және жолдама беру бойынша мемлекеттік қызметтерді жергілікті атқарушы органдар «электрондық үкімет» веб-порталы немесе ақпараттық құралдар арқылы көрсетеді.
Елімізде 11,5 мың мектепке дейінгі ұйым бар, оларда балалардың 91,5 пайызы қамтылған. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру үшін биылғы жылдың соңына дейін елімізде 77 мыңнан астам жаңа орын ашу жоспарлануда.