Елордалық әуежайда Парижден Паралимпиада ойындарының жүлдегерлерін қарсы алды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Қазақстан құрамасы Париждегі Паралимпиадада ең жоғары наградалардың рекордтық санын – тоғыз медальді жеңіп алды. Оның ішінде: 2 алтын, 3 күміс, 4 қола. Барлығы 9 спорт түрінен 33 лицензия алынды: пара жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, таэквондо, үстел теннисі, жүзу, дзюдо, каноэ, волейбол отыру және пара оқ ату.
«Бізге осындай құрмет пен ілтипат көрсеткені үшін барлығына алғыс айтамын. Бұл жетістігімді Қазақстанға арнаймын! Бұл жеңіс бәрімізге ортақ. Оның астарында қыруар еңбек жатыр. Бапкерлерімізге мың алғыс. Біздің команда жарысқа бір отбасы болып қатысып, жеңіске жетті», — деп атап өтті Паралимпиада ойындарының чемпионы Ақмарал Науатбек.
Парадзюдодан құраманың бас бапкері Жандос Қиянов та қазақстандықтардың Паралимпиададағы тарихи көрсеткішіне тоқталды.
«Паралимпиада ойындары – төрт жылдағы ең маңызды жарыс. Барлық командалар мықты дайындықпен келді. Біздің барлық спортшылар алтын алуды армандады. Жалпы, біз команданың көрсеткішіне ризамыз. Ақмарал Қазақстан тарихына осы спорт түрінен паралимпиада алтынын алған тұңғыш спортшы ретінде енді. Қалған спортшыларымыз күміс пен қола жүлдені жеңіп алды. Бұл қазақ пара дзюдосының үлкен жетістігі деп ойлаймын», — дейді парадзюдодан құраманың бас бапкері Жандос Қиянов.
«Барлық қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін зор алғысымызды білдіргіміз келеді. Қолдауларыңыз жарыстарда бәрімізге рух берді. Біз өте бақыттымыз!» – деді пара дзюдодан Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ерғали Шәмей.
Естеріңізге сала кетейік, Паралимпиада ойындарына «Елорда» спорт клубынан 3 спорт түрінен 5 спортшы қатысты:
1. Пара дзюдо (-48 кг) Ақмарал Науатбек, 1-орын,
2. Пара дзюдо (-73 кг) Ерғали Шамей, 2-орын,
3. Пара дзюдо (-90 кг) Арстанбеков Бауыржан,
4. Пара оқ ату бойынша Севда Алиева, 12-орын,
5. Пара жүзу Далиев Сиязбек, 7-орын.
Жазғы Паралимпиада ойындары 2024 жылдың 28 тамызы мен 8 қыркүйегі аралығында өтті.