Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Парламент депутаттарымен кеңес өткізіп, онда ел Президентінің Жолдауын жүзеге асыру аясындағы шаралармен таныстырды.
Жиынға сондай-ақ білім, ғылым және жоғары білім, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлері, жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.
Вице-премьер өз сөзінде елдегі шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарымен жұмыс істеуге назар аударды. Осы бағытта Ғылым және жоғары білім министрлігі білім беру бағдарламаларын, оқыту технологияларын трансферттеу және оларда оқитын студенттердің білім деңгейін, құзыреттіліктері мен дағдыларын бағалау бөлігінде олардың жұмысына бірыңғай талаптарды қабылдауды жоспарлап отыр. Отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін білім сапасын тәуелсіз бағалау ұйымдастырылады. Бұл жағдайда негізгі критерийлер ЭЫДҰ елдері пайдаланатын көрсеткіштер болады. Бағалау нәтижелері бойынша университеттер лигаларға бөлінеді.
«Жаңа ережелер білім гранттарын бөлуге де әсер етеді. Болашақта олар жоғары балл жинаған, бірақ қабылдау конкурсынан өте алмаған мектеп түлектеріне қолдау көрсету мақсатында университет лигаларға қарай сараланады» Тамара Дүйсенова.
Колледждер арасында да лигаларға бөлу жоспарлануда. Мемлекет басшысы келесі жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған байланысты Білім министрлігі ТжКБ трансформациясының кешенді жоспарын дайындауда.
Орта білім берудің сапасын арттыру мақсатында өңірлерде базалық мектептер желісін құру және шағын жинақты мектептерді трансформациялау жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған мектептерді басқару жүйесінің жаңа үлгісі бекітіледі.
«1 желтоқсанға дейін қаржыландыру көздерін нақтылай отырып, алдағы 3 жылға 1,3 мың мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарын дайындаймыз. Балаларды тәрбиелеуге, оқытуға және тамақтандыруға мемлекеттен бөлінетін қаражаттың барлық түрлері ата-аналардың мобильді қосымшасында немесе түскеннен кейін «Әлеуметтік әмиянында» көрсетіледі» — деді Тамара Дүйсенова.
Вице-премьер мектепке дейінгі білім беру бағытында жоспарланған шараларға да тоқталды. Оның айтуынша, балабақшалардың білім беру бағдарламаларын мектептердің бастауыш сыныптарымен үндестіру, «Бірыңғай цифрлық кезек» жобасын жүзеге асыру жұмыстары жалғасады. Бұл жұмыс заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етеді.
Дене шынықтыру және спорт саласында да жаңашылдық күтілуде. Атап айтқанда, спортты дамытудың үш сатылы жүйесі салынады. Сондай-ақ элиталық спорт түрлерінің тізімі қайта қаралады. Осы салаға бөлінген қаражатты тиімді және ұтымды пайдалану үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру стандарты енгізіліп, спорт бойынша кадрлар даярлау жүйесі қайта қаралады. Бұл өзгерістер Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы аясында енгізіледі.
Денсаулық сақтау саласында да реформалар жоспарлануда. Кепілдендірілген базалық және сақтандыру пакетінен тұратын медициналық көмектің Бірыңғай пакетін қалыптастыру ұсынылады. Транспаренттікті қамтамасыз ету үшін цифрландыру енгізілуде. Жыл соңына дейін Медициналық сақтандыру қорын цифрландыру бойынша жұмыстарды аяқтау және келесі жылдың соңына дейін Бірыңғай Ұлттық ақпараттық жүйені енгізу жоспарлануда.
Үкімет цифрлық отбасы картасына сәйкес дағдарыс және төтенше жағдай санатына жатқызылған отбасылар санын азайту бойынша жұмысты жалғастырады.
«Бұл шаралар әрбір отбасымен жеке жұмыс жасауға және олардың жеке мүмкіндіктеріне қарай мемлекеттік қолдаудың барынша қолайлы түрін көрсетуге бағытталған. Тағы бір маңызды шара әлеуметтік әмиянды толық көлемде енгізу болмақ. Ол отбасының әлеуметтік жағдайына қарай жүгіне алатын мемлекеттік қолдаудың барлық түрлерін қарастырады», — деді Тамара Дүйсенова.