Ақтөбе облысында сот 1974 жылы «Батыр ана» құрметті атағын алған, зейнеткер және 2009 жылы Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар азаматтарына теңестірілген «Тыл ардагері» мәртебесін алған, 10 балалы ананың бұзылған құқығын қорғады.
Соттың релизінен белгілі болғандай, талапкер 2010 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж халықтың әлеуметтік осал топтарының тізіміне екі санат бойынша енгізілген: жасы бойынша зейнеткер және Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар азаматтарына теңестірілген қатысушы ретінде.
Зейнеткер мемлекеттік органға кезек санатын «Батыр ана» деп ауыстыруды өтінген. Жауапкер санатты өзгертуге негіз болмағандықтан оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартып, талапкер «Батыр ана» ретінде кезекте тұрған жағдайда оның кезегінің реттік нөмірі басынан бастап есептелетінін атап өткен. Батыр ана өз құқығын қорғау үшін Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына (МӘС) жүгінген.
Сотта анықталғандай, талапкер кезекке қойылған уақытта «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1997 жылғы редакциясы қолданыста болған, яғни сол кездегі тұрғын үй заңнамасына сәйкес, «Батыр ана» санаты халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жатпайды.