Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде мүгедектіні бар жандарды қолдауға бағытталған шаралар туралы баяндады.
Министр биылғы жылдың соңына дейін алты оңалту орталығын, 2025 жылы үш ерте араласу орталығын ашу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Соңғы 5 жылда ересек тұрғындар арасындағы мүгедектік құрылымы өзгеріссіз қалды. Қан айналымы жүйесі аурулары бірінші орында, қатерлі ісіктер екінші орында, психикалық аурулар үшінші орында.
«Созылмалы жұқпалы емес аурулардың асқынуын ерте диагностикалау және алдын алу мақсатында жыл сайын алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде 3,4 миллион ересек адам қан айналымы жүйесі, қант диабеті, онкологиялық ауруларға скринингтік тексеруден өтеді. Бұл науқастар динамикалық бақылаумен және тегін амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген». Ақмарал Әлназарова
Ұсынылған мәліметтерге сүйенсек, республикада жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастарға көмек көрсететін 83 инсульт және 48 коронарография орталығы бар. Ересектер үшін медициналық оңалту жеті мамандық бойынша жүргізіледі: кардиология, кардиохирургия, невропатология, нейрохирургия, травматология, ортопедия және 2024 жылдан бастап қатерлі ісіктер. Соңғы 3 жылда оңалту орындарының саны екі есеге өсіп, 772 денсаулық сақтау ұйымында 8 мыңға жетті.
Қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптарды арттыру үшін оңалту көмегін көрсету және жарақтандырудың ең төменгі талаптары стандарттары қайта қаралды.
2025 жылдан бастап мүгедектікті азайтуға мүмкіндік беретін созылмалы инфекциялық емес аурулардың асқынуын ерте анықтау және алдын алу бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын бағалаудың жаңа моделі енгізіледі.
Мүгедектігі бар жандар мемлекет ай сайынғы міндетті медициналық сақтандыру жарналарын төлейтін азаматтардың жеңілдетілген санатына жатады. Мүгедектігі бар жандардың жалпы санының 84 пайызы ересектер, 16 пайызы 18 жасқа дейінгі балалар.
«Соңғы жылдары көптеген елдерде демографиялық өзгерістермен, халықтың қартаюымен және диагностиканың жақсаруымен байланысты мүгедектіктің өсу тенденциясы байқалды. Дәл осындай жағдай Қазақстанда да байқалады». Ақмарал Әлназарова
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, диагностиканың жаңа әдістерінің жетілдірілуі мен енгізілуіне байланысты балалық шақтағы мүгедектік құрылымы өзгерістерге ұшырады.
Қазақстанда соңғы 7 жылда категориялар бойынша мүгедектіктің: туа біткен даму ақаулары, деформациялар және хромосомалық ауытқулар 5,2%-ға, жүйке жүйесі аурулары 1,7%-ға төмендегені байқалады.
«Сонымен бірге, балалық шақтағы мүгедектік құрылымында жүйке-психикалық аурулар жетекші орын ала бастады. Бұл аутизмді ерте анықтау үшін диагностикалық скринингті енгізу, аутизм спектрінің бұзылуын диагностикалау және емдеу бойынша клиникалық хаттаманы бекітумен байланысты».