Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ведомство басшысы Светлана Жақыпованың төрағалығымен алқа отырысы өтті, онда 2024 жылдың 10 айындағы жұмыс қорытындылары мен 2025 жылға арналған жоспарлар талқыланды.
Отырысқа еліміздің барлық өңірлерінен вице-министрлер, аппарат басшысы, комитет төрағалары, департамент директорлары, әкімдердің орынбасарлары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, сондай-ақ еңбек ұтқырлығы орталықтарының басшылары қатысты.
Күн тәртібінде 2025–2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдау және одан әрі іске асыру, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметін лицензиялау, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қамтамасыз ету және атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жүйесін трансформациялау мәселелері қаралды.
Вице-министр Асқарбек Ертаев өз сөзінде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдардың қызметін лицензиялау енгізілетінін айтты. Аталған қызметтерге тарифтерді белгілеу әдістемесінің жобасы әзірленді.
Сондай-ақ 2025–2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасының жобасы әзірленді, ол Үкімет аппаратында қаралуда.
«Тұжырымдама жобасының тұжырымдамалық жаңалығы мүгедектіктің медициналық-әлеуметтік моделінен әлеуметтік-адам құқықтарын қорғау моделіне көшу үшін жағдай жасау болып табылады. Инклюзивті саясатты жүзеге асырудың жаңа тәсілдері ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қоғамға толық әлеуметтік интеграциясы үшін жағдай жасауға бағытталған тиімді шаралар кешенін қабылдауды қамтиды. Тұжырымдама жобасы 13 бағытты қарастырып, 56-ға жуық іс-шараны қамтиды», — деді Ертаев.
Вице-министр Асқар Биахметов өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 804 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғанын, оның 260 мыңы Мемлекет басшысының «10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында жұмысқа орналасқанын хабарлады. Ол министрлік зейнетақы жарналары мен электронды еңбек келісім-шарттары бойынша деректерді талдай отырып, ақпараттық жүйелер арқылы апта сайын жұмыспен қамту мониторингін жүргізетінін атап өтті.
Бұдан басқа, жұмысшы кәсіптер жылы шеңберінде жұмысшылардың құқықтарын қорғау, жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, жұмыс берушілерді мамандарды оқытуға тарту, сондай-ақ жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру жөніндегі шаралар жоспарланған.
Вице-министр Олжас Анафин атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру жоспарлары туралы айтты.
«Мемлекет басшысы азаматтардың шығындарын ескере отырып, АӘК беру тәсілдерін қайта қарау міндетін қойды. Осыған байланысты Цифрлық отбасы картасын пайдалана отырып, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың жүйелерімен интеграцияланатын АӘК трансформациясы қажет. АӘК тағайындау механизміндегі алдағы өзгерістер шынымен мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан атаулы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», — деді Олжас Анафин.
Мұрат Мұратбеков 10 айда 4,5 мыңнан астам тексеру жүргізілгенін, 7 мыңнан астам бұзушылық анықталғанын баяндады. Жұмыс берушілерге 2 723 ұйғарым берілді, 339 млн теңге сомасына 3 207 әкімшілік айыппұл салынды. Республиканың 268 кәсіпорнында 4,3 млрд теңге сомасына жалақы бойынша берешек анықталды. Қабылданған шаралардың арқасында 3,2 млрд теңге төленді, 16,6 мың қызметкердің құқықтары қорғалды.
Отырысты қорытындылай келе, қатысушылар ағымдағы жылдың соңына дейін шешілуі тиіс негізгі міндеттерді, сондай-ақ 2025 жылға жоспарланған шараларды талқылады. Әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, қызметтерді цифрландыру және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басымдықтары анықталды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жүктелген міндеттерді сапалы орындаудың маңыздылығына тоқталып, олардың орындалуына ашық бақылауды қамтамасыз ету қажеттілігіне тоқталды.
Сондай-ақ ол азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге, еңбек құқықтарына бақылауды күшейтуге және халықтың осал топтарын қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді.