Астана қаласының №8 емханасының мамандары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі туралы айтып берді.
№8 емхананың дәрігері Назым Құрманқұлова емханада тіркелген тұрғынның ауру тарихын мысалға ала отырып, кепілдендірілген медициналық көмек көлемі аясында ел азаматтарына қандай қызмет көрсетілетінін түсіндірді. Оның айтуынша, 60 жастан асқан науқас осы медициналық көмекті пайдаланып, тегін ота жасап, оңалту емін жалғастыруда.
«Мен осы емхананың 49-бөлімінде дәрігермін. Біз сөз етіп отырған науқас сегіз жылдай емханаға бекітіліп, содан бері мамандардың бақылауында болған. 2024 жылы зейнеткер тізе буыны ауырып дәрігерге келген. Ауруханаға тегін жатқызылып, сол жерде тегін ота жасалды. Отадан кейінгі оңалту кезеңін де біздің емханада өткізді. Сонымен қатар, науқастың бірнеше қатар жүретін аурулары тіркелді. Қан қысымы мен омыртқа сүйегінің ауруымен бақылануда. Сондай-ақ жылына екі рет қан қысымын емдеп, күндізгі стационарда тегін ем алады. Операциядан кейінгі науқастың жалпы жағдайы жақсы. Балдақсыз, сырттан көмексіз өз аяғымен жүреді. Науқастың жағдайын невропатолог та, нейрохирург те бақылайды. Қазір оны отадан кейінгі оңалтудың 3-ші кезеңіне дайындап жатырмыз», — деді Назим Құрманқұлова.
Дәрігердің айтуынша, науқастар басқа да диагноздар бойынша дәрігерлердің бақылауында. Оның ішінде операцияға дайындалып жатқан, дәрі-дәрмектерді диспансерлік есепте тұрған кезде ғана қабылдайтын және түрлі аурулары бар мүмкіндігі шектеулі адамдар. Олар жылына екі рет күндізгі стационарда қабылданады.
Ал аталған емхананың профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Жанерке Нұрахметова барлық азаматтар сақтандыру жағдайына қарамастан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің қызметін пайдалана алатынын айтты. Бірақ бұл жағдайда тегін медициналық көмек белгілі бір шарттарды сақтай отырып көрсетіледі.
«Егер науқаста сақтандырылған мәртебесі болмаса, бірақ дене қызуы көтерілсе, тұмау белгілері немесе басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялар болса, ол емханаға бара алады. Сонымен қатар, тұрғын жарақат алған немесе өміріне қауіп төнген жағдайда ауруханалардың жедел жәрдем бөліміне хабарласып, жедел жәрдем шақыра алады. Мұның бәрі мәртебесіне қарамастан тегін көрсетіледі. Сонымен қатар, егер науқас диспансерлік есепте тұрса, созылмалы аурулары бар болса, туберкулез, ВИЧ инфекциясы, қант диабеті сияқты әлеуметтік маңызы бар аурулары болса, көмек тегін көрсетіледі.
Сондай-ақ онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында жүргізілетін скрининг түріне қарай 30 жылдан кейін 2-4 жыл сайын тегін профилактикалық тексеруден өту мүмкіндігі бар. «Ересектер мен балаларға тегін екпе жасалады», — деді Жанерке Нұрахметова.
Әдетте, тегін медициналық көмек кепілдік берілген көлемде көрсетіледі. Бұл әрбір қазақстандыққа бірдей медициналық көмек көрсетуге көмектесетін жүйе.