Бұған дейін қайырымдылық қорының басшысы су тасқынынан зардап шеккендер мен Палестина тұрғындарына жиналған қаражатты жымқырды деп айыпталған болатын.
Перизат Қайратқа қатысты тағы бір қылмыстық іс тергелуде — ол мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығының құрылысына ақша жинау кезінде алаяқтық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігі.
2021 жылдың қараша айында күдікті Ақмола облысындағы «Батыр» қоғамдық бірлестігінің оңалту орталығының құрылысына қаражат жинауды жариялап, мүгедектігі бар балалар мен олардың ата-аналарының қатысуымен қайырымдылық аукционын ұйымдастырған.
Қайрат аукционда 48 миллион теңге жинағанын, қауымдастыққа 100 миллион теңгенің үй-жайы берілгенін айтты. Тергеу анықтағандай, іс жүзінде небәрі 22 миллион теңге жиналған және Қайрат оны өз қажетіне жұмсаған.
«Сонымен қатар ол қауымдастық мұқтажы үшін құны 30 миллион теңге болатын жер телімінің сатып алынғаны туралы айтқан, ал бұл учаскені қоғамдық ұйым 2019 жылы алған. Оңалту орталығының құрылысы әлі басталған жоқ, орталықтың мұқтаждығына берілді деген үй-жайлар іс жүзінде жоқ», — делінген хабарламада.
Ведомство Перизат Қайраттың әрекетінен зардап шеккендерді +7 (7172) 70-84-78, 70-84-79 (қосымша 21384) телефондарына немесе Астана қ., Бейбітшілік, 10-үйге хабарласуды сұрайды.
2024 жылдың қарашасында «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайратқа қарсы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгені ұрлағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Бір-екі күннен кейін Қайрат палестиналықтарға көмектесу үшін жиналған 200 миллион теңгені ұрлады деген күдікке ілінді.