Елордада JOLTAP жобасын сәтті жүзеге асыру жалғасуда. Бұл қала тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың жаңа дағдыларды меңгеруіне және табыс деңгейін арттыруға көмектеседі. Астана тұрғыны Гүлшара Тұрқайдарова жобаға қатысу оның жаңа кәсіби салада жұмыс істей бастауына қалай көмектескенін айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жоба аясында Гүлшара тігіншілік курсын аяқтап, одан кейін «Сән дизайнері» курсында оқуын жалғастырды. Оқуды тәмамдағаннан кейін бір ай өткен соң елордадағы фабрикаға тігінші болып жұмысқа орналасты.
«Мен жас кезімнен тігін тігуді жақсы көремін, JOLTAP жобасы туралы білгенде бірден сынап көруді жөн көрдім. Мен Астанадағы модульдік пунктке барып, жазылып, оқуды бастадым. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Біздің ұстаздарымыз – Фарида Арыстанқызы мен Анар Төлегенқызы – керемет мамандар. Олар барлығын анық түсіндіріп, маған көмектесіп, үнемі қолдау көрсетіп отыратын. Оқу процесі өте ыңғайлы өтті», — деп атап өтті астаналық.
Сертификат алғаннан кейін Гүлшара алған білімін іс жүзінде қолдана бастады. Қазір ол кәсіби өсуін жалғастыруда – аяқ киім тігу бағытын меңгеріп, тағылымдамадан өтуде.
Оның айтуынша, JOLTAP жобасы сабақ беріп қана қоймай, жаңа мансап жолына есік ашады.
«Қысқа уақыт ішінде сіз қалаған мамандық бойынша білім алып, бірден жұмысқа кірісе аласыз. Бұл өте ыңғайлы және тиімді. Мен жобаны ұйымдастырушыларға өте ризамын – бұл маған көптен бергі арманымды жүзеге асыруға және өз кәсібімді табуға мүмкіндік берді», — деп атап өтті ол.
Бүгінде Гүлшара жаңа салада сенімді жұмыс істеп, жобаны басқаларға ұсынып отыр.
«Мен JOLTAP-қа қатысқаныма өте қуаныштымын, бұл алға жасалған үлкен қадам болды. Барлық ұйымдастырушылар мен жоба қызметкерлеріне үлкен рахмет!» жоба түлегі алғысын білдірді.