ҚР Көлік министрлігі мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға қойылатын негізсіз талаптың күшін жойды

Азамат Конституциялық сотқа темір жол көлігімен жолаушыларды, багажды, жолжүкті және поштаны тасымалдау қағидаларының 44-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін жүгінген.
Қағидалар Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі №545 бұйрығымен бекітілді. Азамат пойызға отыру кезінде мүгедектікті растайтын құжатты қосымша көрсету туралы Ереженің талабы Конституцияға қайшы келеді деп санады. – Қазақстанның мүгедектігі бар азаматтары теміржол көлігіне билеттерді «Мейірім» электронды дисконттық картасы негізінде жол жүру құнының 50%-ы көлемінде сатып алады. Сондықтан оның пікірінше, мәртебені қайта растау кемсітушілік болып табылады, деп түсіндірді Конституциялық сот.
Конституциялық сот бұл өтінішті қарауға қабылдады. Істі қарау барысында Бас прокуратура өтінішті зерделей келе, Қағидалар «Темір жол көлігі туралы» Заңға қайшы келеді деген қорытындыға келіп, уәкілетті органға бұзушылықты жою туралы наразылық жолдады.
Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі 2025 жылғы 11 сәуірде күшіне енген түзетулер туралы бұйрық қабылдап, қазақстандық мүгедектігі бар азаматтарды поездге отырғызу туралы негізсіз қосымша талаптың күшін жойды.
0