Ерекше балаларға арналған жалғыз республикалық фестивальге – 20 жыл!

1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астанада ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жалғыз әрі ауқымды мәдени шара – «Жұлдызай» балалар шығармашылығының мерейтойлық Республикалық фестивалінің гала-концерті өтті.
Биыл фестиваль өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті.
25 мамырдан бастап Астанаға Қазақстанның әр аймағынан өңірлік кезеңдерде I, II және III орын иеленген 300 бала келді. Республикалық турға қатысу үшін жалпы 1000-нан астам өтінім қабылданды. Қатысушылар төрт номинация бойынша өз таланттарын көрсетті: вокал, аспаптық орындау, хореография және әнді ыммен орындау.
Гала-концерт сахнасында ерекше орындаушылар танымал қазақстандық әртістермен бірге өнер көрсетті: Ulytau, КешYou, ElVoice топтарымен, сондай-ақ Nazabek пен Зарина Божақовамен.
Гран-при иегері фестиваль сайтындағы бүкілхалықтық дауыс беру арқылы анықталды. 2025 жылы бұл мәртебелі жүлдені «Хореография» номинациясында өнер көрсеткен Жамбыл облысынан Інжу Тілеужан жеңіп алды.
«Інжу үйде жеке бағдарлама бойынша оқиды. Оның ерекшелігі — хореографпен жаттықпай, би өнерін өз бетімен YouTube пен TikTok арқылы үйренеді. Бұл – табиғи дарын. Облыстық кезеңде біз бірінші орынды иелендік. Інжуді үлкен сахнада өнер көрсету арманында ата-анасы мен мектебі барынша қолдайды», – дейді әлеуметтік педагог Роза Саржанова. Дауыс беру 5 мамырдан басталды және әр адам өзіне ұнаған қатысушыға дауыс бере алды.
«Астанадағы сахнада тікелей эфирде өнер көрсету – бұл мүмкін емес деп ойлағанмын! Қазір бүкіл ауылым мені қарап отыр, құттықтап жатыр, хат жазуда, тіпті әкім мені қарсы алады деді. Мен өте қатты сендім және үміттендім. Қазір мен бақыттымын. «Жұлдызай» фестиваліне үлкен рахмет!» – деп концерттен кейінгі әсерімен Інжу бөлісті.
Бүгінде «Жұлдызай» – Қазақстандағы үздіксіз өткізіліп келе жатқан жалғыз шығармашылық байқау. Оған жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен 10 000-нан астам бала қатысады.
«Біз барлық баланың әлемін өзгертпейміз, біз бір баланың әлемін өзгертеміз» – бұл біздің ұранымыз, және оны біз «Жұлдызай» жобалары арқылы өмірге әкелеміз. Балалардың қалай өзгеретінін көру – алғашында ұялшақ, сенімсіз болса, фестивальден кейін арманы мен шабытқа толы, батыл болып кетеді. Эфирден кейін үйінде қандай қуанышпен қарсы алатынын көру – бұл баға жетпес сәттер. Мұның бәрі – «Жұлдызай» командасының орасан еңбегі. Балаларға, педагогтарға, ата-аналарға және еріктілерге – ортақ үлкен әрі ізгі ісіміз үшін алғысымыз шексіз!» – дейді «BI-Жұлдызай» корпоративтік қорының директоры Гүлхан Исабаева.
Фестивальді «BI-Жұлдызай» корпоративтік қоры Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мен өңірлер әкімдіктерінің қолдауымен жүзеге асырады. Бас демеушісі – BI Group құрылыс холдингі, ал ақпараттық серіктесі – «Астана» телеарнасы.