Петропавлда 72 жастағы зейнеткер үш ай бойы банк картасынан ақша шешпегені үшін зейнетақысынан айырылды. Заң бойынша бұл норма қарастырылғанымен, заңгерлер оны парадоксты деп бағалап отыр.
Петропавл тұрғыны Ирина Панфилованың айтуынша, анасы соңғы рет зейнетақысын 2024 жылғы желтоқсанда алған.
«Қаңтар айында анам ауруханада жатты. Кейін үйден шықпады, өйткені қатты көктайғақ болды, оның аяғы ауырады. Наурызда зейнетақы алған. Кейін мен қонаққа келдім, бізге ақша жетіп тұрды, анама ақша шешудің қажеті болмады. Ақша жинала берсін, санаторийге барып, денсаулығын түзегісі келді», – дейді қызы.
Бірақ өткен жексенбіде банкоматқа барған қарт ана есепшотында күткен қаражаттың жоқ екенін көріп, шошып кеткен.
«Анам тіпті өз-өзіне күмәндана бастады — мүмкін, есептен жаңылдым немесе бұрын шешіп алған шығармын деп ойлады. Банкке барып білгенімізде, оған негізгі зейнетақы да, мүгедектік бойынша жәрдемақы да аударылмағанын анықтадық. Петропавл қаласының әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне барғанда бізге желтоқсаннан бері үш ай бойы шотта қозғалыс болмағаны үшін төлемдер тоқтатылғанын айтты. Бірақ банк наурызда карта қолданылғанын көріп отыр емес пе? Неге сонда төлемдер қайта жандандырылмады?» – дейді Ирина.
Бәрі заң аясында
Петропавл қаласының әлеуметтік қамсыздандыру бөліміндегілердің түсіндіруінше, олар заңға сәйкес әрекет еткен: егер үш ай бойы зейнетақы картасынан ақша шешілмесе немесе жұмсалмаса, төлемдер тоқтатылады. Бұл туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды, содан кейін зейнетақы мен жәрдемақылар келесі айдың басынан бастап төленбей қалады.
Зейнеткер ақшасын шотта жинағысы келсе, алдын ала ақша жинауға ниетті екендігі жөнінде өтініш беруі тиіс.
«Аталған зейнеткер бізге жинақтау туралы өтініш жазбаған. Сондықтан төлемдерді тоқтату жөнінде құжаттар уәкілетті органға жолданды. Ақпарат бізге сәуір айында түсті, 1 мамырдан бастап төлемдер “Әлеуметтік кодекс” негізінде тоқтатылды», – деді Петропавл қаласының әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Адай Қарағожин.
Іздемеді, бірақ зейнетақыдан айырды
Әлеуметтік бөлім қызметкерлері зейнеткерге төлемдердің тоқтатылғаны туралы хабарлама жібердік дейді, бірақ зейнеткер хабарлама алмаған.
«Пошта жәшігін тексердім — ішінен тек темекі тұқылы мен кәмпиттің қағаздары шықты, – дейді Ирина Панфилова. – Мамандар анамның үй телефонына хабарласқанбыз дейді, бірақ ешкім қоңырау шалмаған. Сонда мүгедектігі бар адам хабарсыз кетсе, ешкім алаңдамайды ма? Неге әлеуметтік қызметкерді жіберіп, жағдайын тексермеске? Бірақ төлемдер тоқтатылды. Оның үстіне, бұл әлеуметтік бөлім «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрамына кіреді, демек оларда адамның тірі екені, басқа жаққа көшпегені туралы деректер бар», – деп ренжиді ол.
2025 жылғы 18 маусымда Ирина Панфилова мен анасы банк анықтамаларын алып, төлемдерді қалпына келтіру жөнінде бірнеше өтініш жазды. Шілде айында зейнеткерге жинақталған сома қайтарылады. Бірақ бұл мәселені шешуге анасы мен қызының қаншама күші кетті.
«Шыны керек, мен сол кезде анамның жанында болмағанымда, ол не істер еді — аяғы ауыратын адамға мұның бәрін жалғыз еңсеру мүмкін болмас еді», – дейді Ирина.
Парадокс үстіне парадокс
Журналист бұл жағдайдың заңдылығын анықтау үшін заңгер Павел Афанасьевке жүгінді.
Ол расында да мұндай норма бар екенін растады — бұл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу, тағайындау, қайта есептеу, тоқтату және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығында жазылған.
«Бұл талаптар бұрыннан бар. Мен бұндай жағдайға 10 жылдан астам уақыт бұрын да тап болғам. Кейбір зейнеткерлер шотында қозғалыс болмаса, үш айдан кейін зейнетақысы мен жәрдемақысы тоқтатылғанына шағымданатын. Мен сол кезде депутаттық сауал да жолдағанмын. Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының ұстанымы мынадай — олар мемлекеттік мүддені қорғау мақсатында әрекет етеді. Яғни, басқа біреулер зейнеткердің ақшасын заңсыз пайдаланбас үшін, олар шоттағы қозғалысты бақылап отырады», – деп түсіндірді Афанасьев.
Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы өкілдерінің айтуынша, бұл шара зейнеткер қайтыс болып, туыстары бұл туралы хабарламай, зейнетақыны ала бермеу үшін енгізілген.
«Әркім ауруханада қайтыс бола бермейді, үйде көз жұмған адам туралы туыстары хабар бермеуі мүмкін. Бірақ бұл жерде логика жоқ. Керісінше, адал емес мұрагерлер үнемі шоттан ақша шешіп отырады, ал мемлекет зейнеткердің тірі екенін ойлап, төлем жасауды жалғастырады. Ал ақша шешпейтін туыстары адалдық танытып отырса, бұл ақшаның керегі неде?» – деп түсінбейді заңгер.
Заңгер Павел Афанасьев бұл жағдайда кем дегенде екі даулы мәселе бар екенін атап өтті. Клиенттердің шоттары туралы деректерді банктерден мемлекеттік органдарға беру банктік құпияны бұзуы мүмкін, өйткені бұл құпия ақпарат. Оның айтуынша, адам шотты пайдалану немесе онда ақшаны сақтау туралы өзі шешуге құқылы және бұл туралы ешкімге хабарлауға міндетті емес.
Екінші тармақ, заңгердің айтуынша, «Банктер және банк қызметі туралы» Заңға және Азаматтық кодекске сәйкес банктік шот әртүрлі мақсаттарда – несиелеу, алу, ақша аудару, тауарлар мен қызметтерді төлеу үшін пайдаланылуы мүмкін екендігімен байланысты.
«Шоттың тағы бір функциясы бар — жинақ. Егер мен ақша жинағым келсе, оны банктік депозитке емес, банктік шотқа жинай аламын. Бұл шотқа пайыздар есептелмейді, бірақ шот жинаққа да арналған. Үш ай бойы ешқандай қозғалыс жоқ, ақша алынбайды, ал екінші деңгейдегі банктер клиент үшін ақша жинау мүмкіндігін жоққа шығарады. Бірақ бұл клиенттің құқығына нұқсан келтіреді. Егер де мен оларды қандай да бір қымбат зат сатып алу немесе санаторийге бару үшін сақтасам ше? Бұл жерде мәселе көп», — деп қорытындылады Павел Афанасьев.